Өлеңдері

 "Жанарымның жарқылы" кітабынан                                  (2000 жыл)
                               
                                        Сөз басы

"Ертең, ертең,
Ертең жетем, 
Ертең..." - мен,
Өрнекті өлең, сені іздедім өлкемнен.
Шалқар шабыт шаһарынан аластап, 
"Шайтан" - шақтар, ұрдың талай желкемнен.
Мұз- тағдырда тайып жүріп өкшем мың,
Мұратыма ертең жетем деп сендім.
Сырласыңа айнала алмай сырбаз жыр,
Бір басыма ұялады сексен мұң...
Мұңды басқа мұндар - ғұмыр жазылмақ,
Жұбанбадым жұмақ - күннен наз ұрлап.
Көңіл - айдын, тулағанда толқының,
Қоңырайдым сезім, төзім, өзім қап. 
Ей, оқырман,
Төрешілік - салт ұлы,
Пайымдарсың, болса сендік ар тірі.
Мынау жырлар
Шамырқанған шақтарда
Бір жалт еткен Жанарымның жарқылы.
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                     1 - бөлім             Жүрегімде жыр - әлем!

Өзіңді іздеп шарқ ұрғалы ұлы өлең,
Саған қарай талпынғалы мына мен.
Өмір енді емін - еркін кеудеме,
Тебіренді жүрегімде жыр - әлем...
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                           Желтоқсандағы жыр
                                                                                            "Мен - қазақпын!..."
                                                                                                      Ж.Молдағалиев.
Мен - қазақпын, жүре алмайтын
Шаттанбаса, күлмесе.
Мен - қазақпын,
Ішкен асын тастай салар жыр десе.
Мен - қазақпын, 
Ашуланып, талақ қылар тірлікті, 
Шайға бола бір кесе...
Мен бұл күнде құл емеспін,
Күң емеспін, Азатпын!
Енді азатпын,
Басымыздан өткен талай тозақ күн.
Мен - қазақпын, 
Жалғыз атын сыйға арнайтын қонаққа,
Ертесіне қиналмайтын қазақпын.
Мен - қазақпын, 
Басқа жанмын деп айтуға жоқ дәрмен.
Мен - қазақпын,
Азапты да, ғажапты да көп көрген.
Мен - қазақпын,
Жүрегімде шырылдаған шындықты
Жасқамаңдар шоқпармен!...
Мен - қазақпын,  мен - қазақпын, 
Қазақпын деп айтам ән.
Халқым үшін қан - додаға кірмей қалай жай табам?!
Менің қаным тебіренсе,
Тентек Каспий секілді,
Қинайтұғын, ұйымайтұғын,
Арнасына сыймайтұғын қайтадан...
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                             Биіктік                         

                                                                        "Тау баласы тауға қарап өседі"
                                                                                                       Т.Молдағалиев.
Ұнатады шыңда көңіл шырқауды, 
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.
Толағай боп туылмадым, әттең - ай,
Атырауға әкелер ме ем бір тауды...
Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер,
Экраннан Эверестке үздігер.
Обаны - адыр, адырларды төбе деп,
Төбелерді тау деседі біздің ел.
Тартыспай - ақ Ғамзатовтай көкеммен,
Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен.
Осы қырда төбешіктей Аналар,
Дүниеге таудай Ұлдар әкелген.
Ерліктері айналмайтын елеске,
Атыраудың алыбының бәрі есте.
"Ереуіл атқа ерін салған егесте",
Махамбеттің өзі бір тау емес пе?!
Жанарында жасын ойнап керемет,
Жауған оққа қарсы шапқан, себелеп.
Санаң болса қалай ғана айтарсың,
Нысанбаев тау емес ед, төбе деп.
Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай,
Жүздерінде шабыт оты жүр маздай.
Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,
Талай таулық кетер ме екен жыр жазбай...
Алты алаштың алыптары берсе дем,
Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.
Биіктікті, айналайын, туған ел,
Қыранының қанатымен өлшеген.
Бір құдырет тұла бойда тасқанда,
Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,
Қыр баласы тауға қарап өспейді,
Қыр баласы қол созады аспанға...
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                    Біздің ел


Қамшысының өрімі - сегіз өрім,

Қалқасының еріні - нағыз ерін.
Қобызының мұң - зары - құс қондырған,
Ұлы түгіл қыздары дұшпан қырған...
Періштеге айналып сайтаны да,
Озып келген бәйгеден байталы да.
Серісінің ерлігі анық дастан-
Сүйген қызын сұрамай, алып қашқан.
Залымдары - мыңғыртып түйе айдаған,
Дарындары - бақаймен күй ойнаған.
Ерлері бар жауларын жапыратын,
Тентектерінің өзі батыр - ақын...
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                       Әке мен шеше


Жалғыз ұлды, боп кеткен астаналық,

Күте - күте барады, шаш та ағарып.
Күйбең тірлік кешеді кемпір мен шал,
Қазақы үйді баяғы баспана ғып.
Хабар тосу, хат тосу - күндегі өмір,
Кей шақтары толқиды түнде көңіл...
Қансонарда бір келер қара бала,
Содан кейін келеді шілдеде бір.
"Көздіқара" тұсында бір ін барын,
Қасқа қойдың қасқырға жарылғанын,
Қызыл қашар қысыр қап қойғанын да- 
Қара бала сезбейді бұның бәрін.
Сағынғасын, таусылып өзге амалы,
"Атырауды" жырлаған, "Боз даланы",
Жалғыз ұлды газеттен көріп қалып,
Бір серпіліп кемпір - шал мәз болады.
- Шүкір, шүкір, - дейді шал,  -
Қарап өлер,
Біз емеспіз.
Әлігі қалада өнер
Қуып жүрген жалғыз да келіп қалар,
Бала келер..., Бір келін бала ала келер... 
Шүкір дейді, шал - кемпір шүкір дейді,
Шүкірменен көңілді бүтіндейді.
Шүкірменен ошағы қайта маздап,
Қазақы үйдің мұржасы түтіндейді.
Кешкіқұрым мал жайғап келе сала,
Бала - шаға жоқ үйде, оңашада.
Шайын ұрттап шал болса жайғасады,
Теледидар алдына - тамашаға.
Өнер деген, ішінде, ат - бәйгінің, 
Ойқастатып өзінше шаппайды кім?!
Қара шал да іздейді өз тентегін,
Боқтайды мың, алайда таппайды ұлын.
Кейде әуендер эфирден шалқыса үнді,
Гитараны, бір сипап, алты сымды,
Хат жазады сары кемпір Алматыға,
"Сағындық, - деп, - домбыра тартысыңды..."
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                               Күзетші құрдасқа


Не құдайға сенбейсің,

Не былайға сенбейсің.
"Ханға"  тағы сенбейсің,
Заңға тағы сенбейсің.
Арнасына сия алмай,
Соқтығысқан сеңдейсің.
Ойға оралды бір күдік,
Қарап сенің сиқыңа.
Қалаң болса дүрлігіп,
Далаң болса ұйқыда.
Сөзін сөйлеп дананың,
Ісін істеп ауыштың.
Ресейдің арағын,
...Ақырында тауыстың.
Үйге қаржы әкелмей,
Бала-шаға, жарды ойлап.
Жүрсің енді әкеңдей,
Шалдарменен  "Гәрбі" ойнап.
Отырасың қозғалмай,
Бұлт ішіне батқанда ай,
"Қой үстіне бозторғай,
Жұмыртқалап жатқандай".
Арнасына кәрі Арал,
Қайта толған секілді.
Тайсойғаның жарадар,
Байкот алған секілді.
Ақша толы уысың, 
Ауырлайтын секілді.
"Қылтамақ" боп туысың,
Ауырмайтын секілді.
Бекірелер Оралға, 
Асып жатқан секілді.
Уылдырық қораңда,
Сасып жатқан секілді...
Жаратқанның жарлығы,
Болып тұрған секілді.
Дүкеніңде барлығы,
Толып тұрған секілді.
Ризасың өз ісіңе-
Қызмет қылған Отанға!
Жиі енеді түсіңе,
Брежнев атаң да...
Қарауылда табанға,
Жүрсең - дағы сыз өтіп.
Хал сұраған адамға,
"О кей!" дейсің гүж етіп.
Ұры күтіп қас қылған,
Түн құшағын жайғасын.
Күзетесің бос тұрған,
"Рабкооптың" қоймасын.
Бір қолыңда таяғың,
Телміресің таң да атпай.
"СССР-ді... баяғы"....,
Қорғап тұрған солдаттай.
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 

                                Әулет диалогы


Атам айтты: "Ұлым ел қорғаса", - деп,

Әкем айтты: "Сұм соғыс болмаса", - деп.
Мен айттым: "Коммунизм орнаса", - деп,
Ұлым айтты: "Бәрі де далбаса", - деп.
Атам "Аттан, кедейін!" айта күліп,
Әкем жатты, "Фашистер тойтарылып"...
Мен даурықтым : "Жатырмыз қайта құрып!"
Ұлым күлді : "Кетпейік қайта құрып"...
Атам айтты: "Кеңеске - бағалыңмен!"
Әкем күлді: "Пірімін Заманымның".

Мен де шыңға шырқауға шама қылдым,
Ұлым айтты: "Бүрі жоқ табаныңның".
Атам пісті сабасын: "Төгілді", - деп,
Әкем күлді: "Спиртпен  көңілдірек!"
Мен сырамды сімірдім, ұлым айтты:
"Нашақорлық жайлады өмірді", - деп.
Ақтады атам бидайды қузындағы,
Ойланды әкем: "Сол қулар сау жүр ме әлі?..."
Мен газетке үңілдім. "Тфу" - деді.
Ұлым "Қазақстанның"  аузындағы...
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 

                     Қазақ едім дегенше...


Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші,

Тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет - үш арысты бір түнде,
Арамыздан ап кеткен "Үш әріппін" десеңші.
Қазақ едім дегенше, бастық едім десеңші,
Самар асқан составпен астық едім десеңші.
Өзіме - өзім,  дүние - ай, қас қып едім десеңші,  
Қырып салған халқымды аштық едім десеңші.
Қазақ едім дегенше, нар едім ғой десеңші,
Бар дәулетті шашуға бар едім ғой десеңші.
"Кемелденген кездерде"  миллион болып,
Құла түзде мыңғырған мал едім ғой десеңші.
Қазақ едім дегенше, дарын едім десеңші,
Әуелетіп "Айдайға"  салып едім десеңші.
Бойдан қуат кеткенде ұл - қызыммен қоштасып,
Қарттар үйі алдында қалып едім десеңші.
Қазақ едім дегенше, өліп едім десеңші,
Басындағы әркімнің бөрігі едім десеңші.
Шәкәрімдей шыңырау тектілерді шыңғыртып,
Алпыс жылдай архивке көміп едім десеңші.
Қазақ едім дегенше, бөлтірік ем десенші, 
Талай дарын дүниеге   келтіріп  ем десеңші.
Мың жылда бір туатын Мұқағали секілді,
Алыбымды "абайсыз" өлтіріп ем десеңші.
Қазақ едім дегенше, нағыз едім десеңші,
Шаш - етектен талайға қарыз едім десеңші.
Қолым  " қышып" кеткенде ер - азамат үстінен,
Астанаға жазылған арыз едім десеңші.
Қазақ едім дегенше, дінсіз едім десеңші,
Қазақ едім дегенше, құнсыз едім десеңші. 
Өзбегіме мал сатып, шашылығын сыраға,
Қосып жеген, дүние - ай, мұңсыз едім десеңші...
Қазақ едім дегенше...
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  

                           Қарой, 88


Жанса бүгін  ерліктің арай - шамы,

Тектіліктің шырқалмас қалайша әні.
Бауырына батырды басып алып,
Жатырсың ба тұнжырап, "Малайсары"?!
Көңілімнің кіршіксіз ақ парағын,
Айғыздады тағы да қап - қара мұң.
Қадіріңді арттырған ер едің ғой,
Қабіріңе егіліп көп қарадым.
Әкелмедік басыңа арақ - шарап,
Оқымадық құран да арапшалап.
Батыр баба, бағыштап аруағыңа,
Жыр оқысақ болмай ма қазақша нақ?!
Өткізгенмен басыңнан талай  сынақ,
Бұл сұрағым, емес - ау оңай сұрақ.
Шамырқанған шайырлар келген сәтте,
Көр - лақатта жатырсың қалай шыдап?.
Көңіл кетсе қиялдың кезіп елін,
Көз алдымда көк - мұнар өзің едің.
Мынау көрді қопарып орыныңнан,
Қарғып тұра келердей сезінемін...
Жайлағанмен әділдік сан қырқаны,
Тіршіліктің әлі де бар бұлтаңы.
Кіші жүздің өлгенмен Жәңгір ханы,
Зұлымдықтың өлген жоқ мәңгі ұрпағы.
Заман парқын білмеген, адам нарқын,
Ұға алмапты - ау, байғұстар бағаңды алтын.
Анау қырға бір шығып қайтайыншы,
Ықыластар кездесіп қалар бәлкім...
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 

                       Зәмзәм Дәуітовке


Жанарыңда мұнар мұң бар,

Сол бір мұң,
Кіреукесін көтертпейді - ау көңілдің.
Бұйра шашың бұлт ішінде желбіреп,
Ағып бара жатасың,
Аспанында өмірдің.

Қабағыңда бір қайғы бар,

бір қайғы,
Со бір қайғы бақытыңды бұлдайды.
Ту - у биіктен ет - жүрегің елжіреп,
Телміресің төменге,
Құшағыңа ап нұрлы Айды.

Дидарыңда сағыныш бар,

Сағыныш,
Со сағыныш жасар бір күн жарылыс.
Өкінгенде өткеніңді қанып іш...
Жерде қалған қайғыңды,
Аспаныңа алып ұш!...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *


                              Мойындату


Қара түнге қайрадым намысымды,

Маңайлаттым мұң ішіп алысымды.
Шыр еттім де шектеулі сапар шеккем,
Орда жетпей қамшымның сабы сынды.

Қол бұлғарда қайғымменен  реңдес Күн,

Жұлдыздарды жоғалған түгендестім.
Падишасын жоқтады патша көңіл,
Тәңір жаққа тепсінді күрең бестім.

Жігер отын  жандырдым шапшаң барып,

 Бұрын тұтата алмап ем тоқсан налып.
Күреңімді  қамшысыз көкке өрлеттім,
Көсіп - көсіп аттым да, шақшамды алып.

Көкке қарай кер мінез байқатқасын,

Енді кімін жіберіп айтақтасын.
Көптен бері  көрінбей  кеткен Құдай,
Көк жүзінде  тұр екен шайқап басын...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *


                     Атыраудағы көктем


Құлағымда құс әні қалып,

Тереземнен кепкенде қырау.
Қуанышын құшағына алып,
Келіп қапты көктемде мынау.

Бойы балқып мөлдір ағынға,

Буырқанып жатыр - ау далам.
Тереземнің арғы жағында,
Қол бұлғайды Атырау маған...

Көктемеден бір хабар аңсап,

Жүрегімнің оты лаулайды.
Көк жүзінде тырналар ән сап,
Тыраулайды..., Атыраулайды...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *   *  *  *  *

                    Асан Қайғыны аңсау


Әзелден біздің бабамыз қазақ 

                          болған - ау, сірә, қыр кезбе,
Даламның төсін шиырлай берген
                          тайпалар кезіп жылда өзге.
Дендерім менің, кең жерім менің,
                          көлдерім, қырат, белдерім,
Асан Қайғы атам өтіпті сенен
                          "Жерұйықты"  іздеп бір кезде.

Одан соң талай  ғасырлар өлді

                           жүйткіді жылдар сайтандай.
Төсінде сордың өніп келеміз 
                           кем - кетігіміз байқалмай.
Асан Қайғы атам хабарсыз кетті
                           ізім де ғайым жоғалып,
Аттанған сонау  атышулы бір  
                          "іссапарынан"  қайта алмай.

Асан Қайғы атам неге кешікті,

                          кезікпеді ме гүл - мекен?!
Ел айтушы еді  бекерден - бекер 
                          кешікпейді деп бұл көкем.
Атоммен жемдеп корабльдерін
                          күрлеген біздің ғасырға,
Желден де жүйрік желмаясы, әлде,
                          жете алмай қалып жүр ме екен?!

Жерұйық жайлы осы бір аңыз

                         санама шуақ құйғасын,
Түсімде бойлай желмая көрем 
                         сүйреткен жерге бұйдасын.
Жұмаққа жұртын көшірем деген
                         кешікті неге Асан би,
Сезінді ме екен қазақтың, әлде, 
                         атакүлдігін қимасын...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *


                        Шалкөде

                       (Арманға)
Жайқала  біткен сайда гүлдерің,
Жағалай қонған қойнауында елім.
Жауқазын гүлдер жаныма жайлы,
Жәннаты жердің жайлауым менің.

Шалкөде! 

Арманым менің, ардағым менің сенде!

Асқақ Алатау құмарым ба едің?

Асуларыңа шығамын дедім...
Асан Қайғының арманымысың,
Жайлауым менің - жұмағым менің!
Шалкөде!
Гүлбағым менің, сырларым менің сенде!

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 


           Шайырдың шабытсыз шағы


Тағы да қаламыма сайтан сарып,

Бір өлең жаза алмадым сойқан салып.
Жеріген төсегінен жезөкшедей,
Келмеді бүгін тағы  сайқал шабыт.

Бір өлең жаза алмадым бүгін емге,

Түгі жоқ бедеу түннен түңілем бе?!
Кез болып қала ма деп шабыт сені,
Іздедім бөтелкенің түбінен де.
Шалдығып, шарап ішіп басы ауырған,
Шайырды емдер болсаң, бүгін емде!...

Шабытсыз болып қалып қуыс кеуде,

Сені іздеп барға барып у ішкенде.
Мен талай сен келер деп алаңдадым.
Бокалдар сыңғыр қағып түйіскенде,
Түйісіп, бір - бірімен сүйіскенде.

Ақын ем өлеңге артқан базынасын,

Маңдайға қашан енді жазыласың.
Миымнан мың сан ойлар ұшып кетті,
Өзіңді күте - күте қажығасын.

Ей, шабыт, шының ба бұл ойының ба?

Өлеңге жоқ - ау сенің тойымың да...
Тағы да сойқан салып, сайқал шабыт,
Жатырсың қай ақынның қойынында?!...


*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

Егер Владимир Высоцский шарап туралы қазақша ән айтқан болса:

- Көкірегімнен кете алмай ұрланып күдік,
Аңсаған шақта алғаусыз тірлікті бөтен.
Мұңданып күліп, содан соң жынданып тұрып,
Ей, шарап, сені қаншама қылғыттым екен?!.

Талағын жарып кеткенде тасына шабыт,

Құзар шың - көкке қарғытып қара айғырымды.
Қырлы стақанмен өңештен асыра салып,
Қырсыздарға мен көрсеткем талай қырымды.

Ерініміз барып өлмелі үмітті өпкенде,

Көктерміз әлі деген бір үкімге келіп.
Қасымыз күліп, досымыз ұрып кеткенде,
Жартылықтармен көңілді бүтіндеп едік.

Ей, шарап, сенің буыңа қызынып қалып,

Тағдырдан көптеп алғанмен аларымды мен.
Ғасырдың талай тезіне сүзіліп барып,
Асылдың ғана асылы қаларын білем.

Әзіл ғой, тіпті жеткізбес шарап та арманға,

Артық па кейде қойсаңыз дәмін бір көріп.
Шарап құйылған шөлмектен қарап қалғанда,
Дүние - дағы көрінер көгілдірленіп.
                                                                - деп айтқан болар еді менің ойым.

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *


                               Болжам


Әр ақынның өмір жолы әр қалай,

Біраз жерден бұйырған - ды дәм талай,
Ат салысып жүргеннен соң өнерге.
Қаншама рет бармақ болып асырғанмен айламды,
Әйтеуір бір сәті түспей қойған - ды,
Түрме менен жындыхана дейтін мекемелерге.

Кенет бір ой сап етті де санама,

Кіріп бардым сосын жындыханаға,
Айды бір - ақ шығармақ боп аспанға.
Жынды біткен тас дуалдың аржағынан бір қабат,
Сау адамның көздерімен тұр қарап,
Көшедегі ығы - жығы кілең есуастарға.

Олар құсап ойлануға миымның,

Жетпей аздық қыларына күйіндім.
Күйіндім де теріс бұрдым бетімді.
Кілең жынды көшедегі мына бізді көргесін,
Тірлік кешкен тиын санап пендешіл,
Сол баяғы кездеріне ұялатын секілді.

Алып ұшқан құмарлықпен бір керім,

Қақтым барып дарбазасын түрменің,
Көңілімнің табылар деп қалауы.
Топырлаған кілең тұтқын тор ішінде - тозақта,
Күлді мені айналдырып мазаққа,
Көздерінде еркіндіктің, бостандықтың алауы...

Әлгілердің мазағына шыдамай,

"Мен - тұтқынмын! - деп шыңғырдым, - Құдай -ай!"
Шыңғырдым да тасқа соқтым қайламды.
Көз алдымда Жердің шары - ғаламның бір бөлшегі,
Секілденді концлагердей еңселі.
Түрме болса азаттықтың аралына айналды.

... Егер де сен қарар болсаң ғарыштан,

Жарылып - ақ кетер едің намыстан.
Жердің шары ұқсайды алып түрмеге.
Жерде туып, Жерде өсіп, Жерде өмірін тәмәмдар,
Сол қапастан шыға алмайтын Адамдар,
Мұңдылар ма, жындылар ма, бірдеңе...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *


                            Сен кім едің?

                                              ...Мен тастап кеткен қыз сыртыңнан,
                                              Отырам кешірім сұрап мен...
                                                                                  Марат Отаралиев.
Ол ақынды көрге бір - ақ тепкенбіз,
Ол ақынсыз өтіп жатыр көктем, күз...
Келді  менің енді өзіңді бір көргім,
Сен кім едің, Марат тастап кеткен қыз?!

Сені іздеді пәк көңілім шынайы,

Сен кім едің, қыз біткеннің құдайы?!
Қай қиырдан табыласыз енді сіз,
...Белгісіз, 
Бір ағайдың жұбайы...

Таныр болсам сен кім едің демес ем,

Ақынға жар бола алмадың неге сен?
Талай жанды дүниеге әкеліп,
Абайжанды таба алмаған жеңешем...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *


      /Аяулы дос Бауыржан Үсенов қазасын естігенде/


Мәңгі бақи мекенімді,

                                    Табу үшін Дендерден,
Мен де бір күн кетер ме екем,
                                    Бақұлдасып  сендермен.
Махаббаттың жыршымен
                                    Қалу үшін қоштасып,
Қабіріме келер мүмкін қос ғашық.

                                    Достар, сонда қабіріме келмеңдер!

                                    Тірілерді танымайды  өлгендер!

Тауым қайтып орындалмас 

                                   опасы жоқ  арманнан,
Мен де бір күн жоғалармын
                                   мынау жәлеп жалғаннан.
Мендік  жүрек сөнер ме екен,
                                   өлер  ме екен мәңгілік,
Талай сеніп, талай рет алданған. 
                                      
                                    Достар, босқа көз салмаңдар табытқа,
                                    Мен сендерді күтем ылғи тамұқта!

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *


                          Жалғыздық


Жалықтым.  Жабықтым.  Жаңа ұқтым,

Еңсемді езеді тамұқ - түн.
Сығалап қарадым мен оған,
Терезесінен табыттың.

Алқымнан алады кендір - мұң,

Көңілімді көрге де көндірдім.
Шаршаған шылымымның шоғын,
Қарашығыма сөндірдім.

Лақаттан лақтырдым бөркімді,

Тәнімді жаным жеп өлтірді.
Жардағы сүгірет үні кеп,
Күлкімді менің келтірді.

Сезімім құламай, сенделіп,

Қиялым барады жерге еніп.
Қараңғы тып - тымық бөлмеде, 
Жарқырап шам тұр тербеліп...
...Біреу келсе екен!...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 


                        Қыршын ақынға

                            ...Өлеңнен алтын азап арқаладым,
                            Бақыты өтер ме екен бұйырмай - ақ...
                                                                Сағат Әбдуғалиев

Жыр  мұхитында желбіреп желкені желмен,

Тоқайластырған елжіреп ертеңін елмен.
Еркелеп жүріп елінің тентегіне ерген,
Шайырлар қанша шарапқа өртеніп өлген.

"Барса келместен" шақырып сайқымазақ үн,

Аттандың сен де фәнидің айтып азабын.
Артында қалды көмген соң көріңе өкірер,
Таңдайы қайқы, маңдайы тайқы қазағың.

Болмысты кезіп байқасаң, жаймен аңғарып,

Дүние - жалған, ақылмен ойлағанға анық.
Қай тентегіне тектілік танытар дейсің,
Махамбеттің басымен ойнаған халық...

Алдында ардың ақтығың санаттан өшіп,

Сәтсіздіік - сайқал жатқанда тамақтан осып.
Шайыр біткендер шырмалып шырмауық - мұңға, 
Жұтады сосын қайғыны шарапқа қосып...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 

                     2 - бөлім        Солдаттық қойын дәптерден

Әскерде жүріп шет жерде,
Сағыныш сазын шерткенде.
Екі жыл, сені қалдырдым,
Жүректе, сосын дәптерде.

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

 Ерке қыз, жолың оң болғай,

Ер Тарғыныңды күтерде.
"Егеулі найза қолға алмай,
Ерлердің ісі бітер ме?!"

Еліге тартып күйді өзге,

Ел кезіп кеткен тентегін.
Есіне алып кей кезде,
Елеңдей ме екен ерке құм?!

Елес күндерге қол артып,

Есіл арманға шөлдеген.
Еркелігімді жоғалтып,
Есейіп қайтам елге мен.

Ермеңдер бірақ та маған,

Ерігіп кетті демеңдер.
Еліне тұрақтамаған,
Елім деп еңірегендер...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  


                   Шекарадағы күз


Жапырақтар..,

Желге ұшқан жапырақтар,
Сағынышты солдаттың хатын ап бар.
Мәрт табиғат білдіріп күз келгенін,
Жер бетіне жіберіп жатыр ақпар.
Жауады жапырақтар...

Жасыл бақты, жайқалған даладағы,

Сұрсыз әлем келеді тонағалы.
Күздің қоңыр белгісін шекарадан,
Өткізбеуге солдаттың жоқ амалы.

Толғатады дүние, толғатады,

Мұңға толы неліктен солдат әні?!
Табиғаттың киіп ап сұр шинелін,
Бір қоңыр күз келеді жерге тағы...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *   *  *  *  *  *  


Жалауы  болған жанымның,

Сағындым, бәрін сағындым.
Самала желге жон төсеп,
Жатыр ма екен Нарын құм.

Айта алмай тілім күрмеліп,

Көмейге жырлар жүр келіп.
Шіркін - ай, қайтсам арман не,
Жайықтың бойын бір көріп.

Жатырқап таудың бөктерін,

Жабыққан сәтім көп менің.
Қойнында құздың жатып ап,
Аңсаймын қырдың көктемін.

Шалғайдан болып несібім,

Шығандап кетсем несі мін?!
Бозбала  көңіл іздейді,
Боздала деген бесігін.

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 


                      Сайранбекке арналған сонет


Таусылдыма білмеймін бойдағы әзіл,

Құрбы қыздар күлегеш қайда қазір?!
Керзі етіктің кекшиген сірісіндей,
Қажап бітті жанымды қаймана жыр.

Шыр айналса шабыттың дөңгелегі,

Құлағыма көмескі ән келеді.
Құйғып бара жатырған құлын - өлең,
Құйрығына жармасып нем бар еді?..

Домбырасыз, достарсыз жалған бекер,

Ақын әнсіз, өлеңсіз арманда өтер,
Көкейімде көп жырдың ұйқасы жүр.

Менің жырым бейне бір майда қайың,

Маған ешкім демей жүр "Айналайын",
Кекілінен жырымның сипашы бір...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *


             Солдат - сағыныш


Табиғат беріп қойған күз хабарын,

Мен сені күзден - дағы қызғанамын.
Әйтсе де сезбейсің - ау өзіңді ойлап,
Бұлқынып жүрегімнің сыздағанын.

Жағалап сайран көлдің сыз кемерін,

Сезіп ем күз келерін, күз келерін.
Қайыңдар дір етеді қыз денелі,
Көңілдің таба алмаймын іздегенін.

Жүректі алып ұшқан самғай әнім,

Сені ойлап сағыныштан сарғаямын. 
 
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 


                  Алманиядағы "Бесқонақ"


Қарады маған күн күліп,

Кеудемнен шаттық күй ұшты.
Қапталдап барып сүңгі - бұлт,
Дауылға - тауға түйісті.

Жарқ етті со сәт нажағай,

Жалт етті көздің жасыны.
Бажасын көрген бажадай,
Ақ мысық басын қасыды.

Түсті кеп күнге көлеңке,

Өзгертіп бұлттар мекенін.
Жұлқылап өтті жел - ерке,
Ақ қайың - қыздың етегін.

Жайқалып қана бақта өсер,

Дір етті талдың денесі.
Төгіліп кетті ақ нөсер,
Сөгіліп көктің көбесі.

Кеудемді менің жыр шымшып,

Селдетті жауын, басылмай,
Шырылдап өтті бір шымшық,

Көктемнің сиренасындай.

Шелегі көктің босап қап,

Селдетті жауын, басылды.
Иін ағаш - "кемпірқосақ" та,
Құбыла жаққа асылды.

Хош иіс аңқып шалғыннан,

Жатырды әлем бақ құшып. 
Жолымды кесіп, алдымнан,
Жүгіріп өтті ақ мысық...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 


                 Атырауды аңсау


Кең шалбар шақтар түсіме менің жиі еніп,

Өзіме - өзім ете алмай жүрмін иелік.
Гитара тартып жүрген кездерді ойлаймын,
Қалғып тұрғанда автоматыма сүйеніп.

Сағымды  қырлар, шағылды құмдар, далалар,

Түсімде көрем, көрмеске қандай шара  бар?
Аулақтан  кейде паравоз болып боздайды,
Ауылда қалған қара нар...

Кеудемде жырдың көктесе жасыл желегі,

Атырау жаққа тартып - ақ кеткім келеді.
Ұлы Гейненің туған жерінде жүрсем де,
Мазасыз көңіл Меңдекешті ойлай береді.

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *


                                 Бабыр сазы

                       ( Үш буынды топтама) 

XV - XVI ғасырларда өткен өзбек халқының шайыры, Шығыс сөз зергерлерінің бірі  Бабыр Захириддиннің туған еліне деген сағынышты  сезімдері. 


                         1. Гәзел.

Күміс күнге кеудесін ашып күлген,
Кең арналы өзенге ғашықпын мен.

Ақ сағымға оранған айдаланың,

Айдарынан келеді аймалағым.

Боз далада бұйыққан бұйрат құмдар,

Биік арман жаныма сыйлаттыңдар.

Өзің барда өркенді ел - көк терегім,

Мен ешкімге келмейді өкпелегім.

Қараша үйге кетсем бір, амандасып,

Бір сұлуы бар еді маған ғашық...

                       2. Қытьә.



Сарғайса көңіл зарығып,
Сағыныш отын баса алмай.
Бұлқынып ақын жүрегі,
Атойлап тулар асаудай.

Шалқыса көңіл қамығып,

Қапыда мұңға батармын.
Шерімді менің бөлісіп,
Дір етер ішегі дутардың.

Қалқыса көңіл шаттанып,

Оянар шабыт бойдағы.
Сарығып туған сары өлең,
Сағынышымның айғағы...
             
                       3. Фард.

Сарғаяды, бәрі де көнереді,

Көнермейді ақынның тек өлеңі...


*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

Бәйгеге салсаң, байрақсыз қайтпас кер төбел,
Шағылдың желі шашыңнан сипап еркелер.
Туған жер деген ыстық қой, шіркін, кімге де,
Сағынып жетсең, сезімін күй қып шертеді ел.

Дір ете қалса қобыздың қоңыр қыл ішегі,
Кеудеңнен толқын ағылар сонда жыр селі.
Ақ дастарханға аунатып салар сары кемпір,
Сап - сары болып ошаққа піскен күлшені.

Ақшамға таяу, қоралап малын болғасын,
Қолына алып қарағай шанақ жолдасын.
Қисаның әнін қасқайта салар қара шал,
Кереге жаққа құрып ап еппен малдасын.

Табанымда ыстық шағыл құмдардың бар табы,

Көңілім ылғи кер дала жаққа тартады.
Ауылға қарап атойлап жетер болсам мен,
Сағынғандығым емес ол қазы - қартаны...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

        Шопанның  жауынгер ұлы


Жауынгердің байлығы - от арманы,

Киіз үйді аңсайды ол, ат - арбаны...
Армандамай жандарал, маршалдықты,
Солдат боп жүр жәй ғана қатардағы.

Қайтатұғын мезгіл де қалды жетіп,

Оралады ауылға  жаз, күз өтіп.
Ұлы Отанды бұл күнде күзетуде,
Бір жыл бұрын жүретін мал күзетіп...

Көз алдымда көк орман он бұралып,

Көк теңізге айналар мөлдір, алып.
Сосын шырқап кетеді ол "Паңкөйлекті",
Шахматтың қорабын домбыра қып...

Солдат - күндер тірлікті сырғытады,

Жүрегінде көктейді жыр бұтағы.
Жастығының астында жатады ылғи,
Мұқабасыз Мұқаң - ның бір кітабы.

Ақиқат боп көңілдің қимағаны,

Жалғандыққа жас жаны қиналады.
Әшімовке келеді ұқсағысы,
Бекежанды ұнатпай кинодағы...

Келер, жылдың, бұйыртса, аяғында,

Оралады өзі өскен мая құмға.
Анасының сағынды ол алақанын,
Әкесінің сағынды "таяғын да".

Әскер - өмір тезірек тәмамдалса,

Сүре қоймас өмірді жамандарша.
Бара сала ұстайды мұрагер боп,
Ақ таяғын әкенің,
... аман болса...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                   3 - бөлім

                   Кезіктім саған...

Зылиха - Жүсіп, Ләйлі мен Мәжнүн шешпеген,
Махаббат дейтін ілестім жұмбақ көшке мен.
Ару Жібектің Ақ Жайығында шомылып,
Төлеген қуған тарпаңға мініп өскен ем.
Армандай ару, Алаштан жүріп сені іздеп,
Кезіктім саған кезікпегенде не істер ем...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

Кезіктім саған..,
Аңсарым ауып мәңгілік жыр мен сезімге,
Ақ арманымды ән қылып жүрген кезімде.
Кезіктім саған..,
Қалаға сыймай, қаңғырып жүрген кезімде,
Тамаша күнді,
Болашағымды дал қылып жүрген кезімде.
Кезіктім саған..,
Адам біткеннен түңіліп жүрген шағымда,
Тағдырдың талай тайғанағынан сүрініп жүрген шағымда.
Жолықтық сонда..,
Өмірлік азап көңілді қажап ен бейнет,
Жүрген кездерде қайғымды басып бал шарап.
Жолықтың маған арнайы асқақ әндей боп,
Мұңды әуенімді паршалап...
Жолықтың маған оралтып қайта бұла күндерді,
Алдымнан аппақ атып таң.
Қайғыдан жылап көрмеген едім,
Жылағым келді бақыттан...
Қапыда қалып,
Қолымды созбай ақ таңға,
Қолтығымнан кеп сүйедің мені, сүйіктім,
Талықсып бара жатқанда.
Сүйем деп саған айта алғаным жоқ,
Сүйетінімді сезіне.
Сүйем десем де сенбеуші ең сонда сөзіме.
Сүйем деп саған айта алғаным жоқ.
Асық боп, құрбым, өзіңе,
Ғашық боп тұрдым көзіңе.

Бақытым менің жырақтап еді,
Жырақтап бәрің кетіп ең.
Бірақ та мені,
Құлатпа мені, жылатпа мені, өтінем.
Құласам егер құлармын, сірә,
Құлармын, сірә, тұра алмай,
Жыласам егер,
Жылармын, сірә, жылармын, сірә, жұбанбай...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

      Астананың  аруы

Ақ дидарың - ай, сенің ақ дидарың,
Сезесің бе кеудемде от - күй барын,
Жүрегімді сен неге көп қинадың.

Қас - қабағың - ай, сенің қас - қабағың,
Жанарыңа қарауға жасқанамын.
Ару қызы сен бе едің Астананың?

Назды күлкің - ай, сенің назды күлкің,
Назды күлкің кеудемнің жазды бұлтын,
Сүйем деген айтармын сөзді бір күн.

Қыпша белің - ай, сенің қыпша белің,
Көжегіне қоянның ұқсап едің.
Екі тілек бір жерден шықса дедім.

Көз қарасың - ай, сенің көз қарасың,
Көрмедің бе қазақтың бозбаласын,
Неге сонша жымиып назданасың,
Қайтем енді маңдайға жазбағасын....

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

Сен де армансың,
Мен де арманмын, арманбыз.
Армандарды армандарға жалғармыз.
Саған құсым қалықтайды алыстан,
Аманбысың, 
Алматыда қалған қыз?!

Мен де еркемін,
Сен де еркесің, еркеле,
Еркеліктің елік - күні келте ме?!
Күйіп - күйіп, күпті болған  көңілді,
Өтінемін, екінші рет өртеме!

Сағыныштан жанарыма жас тола,
Өзің болып қол бұлғайды Астана...
Лүпілдеген жүргеімсің сен менің,
Қалайша оны жұлып берем басқаға?!

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  * 

Неліктен көзіңе жас толады,
Жан едің өнегелі.
Сеземін, қимайсың Астананы,
Қимайсың және мені...

Әйтеуір қабағың түнерулі,
Қайғыдан шаршаған ба?
Қайтейін, бір ғана жүрегіңді,
Сыйларсың қанша жанға.

Мен сенсіз бақытқа бөленбедім,
Қал соңғы сөзіңді айтып.
Жанымды ұғынсаң егер менің,
Келерсің өзің қайтып...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

             Кешіккенің қайткенің?
Жүрегіміз - егіз десін дедің бе,
Тілегіміз - теңіз десін дедің бе,
Көп ішінен мені іздесін дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?

Күтсе күтсін, тұрса тұрсын дедің бе,
Жүрегіңде жыр сабылсын дедің бе,
Әлде мықтап бір сағынсын дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?

Басқа жанға тұрақтасын дедің бе,
Көңілімнен жырақтасын дедің бе,
Жүрегімді жылатпасын дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?

Мәртебемді биіктетсін дедің бе,
Өзге қызды сүйікті етсін дедің бе,
Өкініштен күйіп кетсін дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?
*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                Өкпелемеші
Өкпелемеші,
Өтірік мен де жұбатпан,
Өзегімді өртеп жазбайын хат та жырақтан.
Өкпелемеші,
Бақытыңды алдан күт бірақ,
Менен де гөрі мықтырақ,
Өзге бар сені ұнатқан.

Өкпелемеші,
Өкіндірмеші құрбыңды,
Өлеңмен жуып тастармын мен де кірбіңді.
Өкпелемеші, 
Өкпелемеші арманым, 
Қалайша жігіт болғаным,
Өңгере алмасам бір мұңды.

Өкпелемеші,
Өткенде қаздар төбеңнен,
Өкінішіңді өлшерсің жырмен, өлеңмен.
Өкпелемеші,
От болып жанған жүрегің,
Өмірден таппай бір емін,
Өртенеріне сенем мен.
Өкпелемеші, өкпелемеші...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                   Хат

Қарындасым - ай,
Ағаң боп сені сыйладым,
Арманнан аппақ, періштеден пәк ибалым.
Күндерім балдай өзіңмен қатар өткізген,
Күлгенің қандай бетінде жүзіп иманың?

Жақсылықтарға ғашық боп өткен жалған - ай,
Жанарыңды бұлт, кеудеңді қайғы торламай.
Алай да, дүлей адуын мына заманда,
Нәзіктігіңді сақтадың екен сен қалай?

Есесі қайтып ұйқысыз өткен таңдардың,
Жұмбағын кейде шешкендей болам жалғанның.
Ылайлы батпақ ұсқынсыз осы шаһарда,
Дәл сендей жандар бар екеніне таңдандым.

Тоғышар жалған кеудесін көкке тасытқан,
Сақтасын сені даңғойлар менен пасықтан.
Көрінесің сен көзіме менің кей кезде,
Гүлбаршын құсап Алпамысына асыққан. 

Есерсоқ тағдыр етегін бері түргенде,
Лағнет  айтып тұнжырап өткен күндерге.
Кезіктің маған осынау у - шу қаладан,
Мұңдасатұғын бір адам таппай жүргенде.

Адамдар алшақ, әркімнің жолы әрқалай,
Жастықтың оты жүрген бір кезде тарқамай.
Өмірдің мәнін енді ұқтым деген шағыңда,
Біреуге жар боп кетер ме екенсің, қалқам - ай?!

Кеудемді менің тербеген кезде тәтті арман,
Қарындасым - ай,
Менде де достар көп болған.
Бәрі де кетті болмыстың бұлдыр Заңымен,
Адамилықтан қорыққаннан.

Біз ақын едік, таусылмас мәңгі арманы,
Ақыныңды да, ақыры, тағдыр алдады.
Фариза қызға қайғысын шаққан өлеңмен,
Мұқағалидың ізбасары едім мен - дағы.

Қарындасым - ай,
Достықтың бұзбай белгісін,
Ағымнан саған ақтарылайын енді шын.
Ең болмағанда миллиондардың ішінен,
Фариза құсап мұңымды менің сен түсін.

Түсінсен егер, мәртебем көкке биіктер,
Болашақ жырға боларсың онда кейіпкер.
Түсінсең мені,  кеудеңе қызыл алаулы
Кәжекейіңді киіп кел!.   

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

Жақсы көрген соң иемденіп ем сыртыңнан,
Бұйырмағайсың айыпқа.
Жүректі мынау өзіңе қарай бұлқынған,
Лақтыра алмадым Жайыққа...

Қос құрлықта екенбіз біздер толғансам,
Алыс та жақын екі ара...
Арғы беттесің - Азиядасың сен болсаң,
Мен болсам - Европада...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
"Қозым - ау" - деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным - ай мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.

Оянбай қалам,
Бұл шындық, ұрыспа қарғам,
Шөлмек тірліктің белгілі құлай сынары.
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып егіліп, жылайсың әлі.

Жүректе - ызғар, баста - мұң, көңілде - қырау,
Оңай ма, жаным, кеудеңді қайғы ауыртқасын?.
Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,
Шараптан емес, шаттықтан айналып басым?

Басымнан ұштың, бақытым, базарым едің,
Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан?
Отырам сосын тұнжырап, сазарып өңім,
Оқтаулы мылтық секілді атылмай қалған...

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
"Қозым - ау" - деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным - ай мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.
Бәлкім, оянып кетермін...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                 Ағаға айтылмаған сыр

Кешір, кешір,
Ағажан, кешір мені,
Еске түстің Күнімді өшіргелі.
Кешір сенің алдыңда кінәлімін,
Басқалардан болсам да көш ілгері.

Махаббат - ай,
Жастық - ай алақашпа,
( адам деген байыптап қарамас па?! )
Ерегесіп бір ару сүймеді деп,
Ажалыңмен көрістің дар ағашта...

Өз - өзіңе қыз үшін кекті болып,
Дар алдында күйініп, кеттің өліп.
Бірақ..,
Сені түсінген ол болдыма,
Тұрмыс құрды басқаны епті көріп.

Байлам жасап Мәжнүндер жайында оңай,
Ұқпадым ба мен сенің ойыңды ағай.
Ғашықтар бар, махаббат бар дегенді,
Жүрдім сол кез әйтеуір мойындамай...

Сырғып күндер көп өтті, сырғып апта,
Түсерімді ойламай бір күні отқа.
Серуендедім бір қызбен қол ұстасып,
Сендер жүрген бір кезгі түңгі бақта.

Жүрген кезде жаңа бір жолға асығып,
Орта жолда сүріндік,
"Арба сынып". 
Сонда ғана түсіндім, аға, сені,
Қалғым келді менің де дарға асылып...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

                   Ақан Серіге

Жастық атты жүргенде дүрбелеңмен,
Аруларға ғашық боп қызғанарлық.
"Таң асырып торыны"  мінбегенмен,
"Қылаңдарға"  таксилеп біз де бардық.

Шығамын деп сәлемін жолдағанмен,
Шықпай қалып жүректі сыздатқан қыз.
Сіздікіндей көк бұйра болмағанмен,
Көсіп - көсіп шақшадан біз де атқанбыз.

Жел өтінде желіккен Табылды аяп,
Түнеріп ап қабағын мұң басқан күз.
"Екеу ара бір шапан жамылмай - ақ",
Бір қол шатыр астында сырласқанбыз.

Келешектің біз кезіп елесін көп,
Орындалып ойдағы арман - ісім.
"Енді қашан, ағажан, келесің?" - деп,
Әлгі арудың жәудіреп қалғаны шын.

Шақшамды алып, тағы бір көсіп, күліп,
Жыр құрадым баяғы ақындардай,
Таң алдында трамвай тосып тұрып,
Қиналғаным болмаса атым болмай...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

             4 - бөлім      Өткенім - келер көктемім

Жинамай бедел теңгелеп,
Кешемін тағдыр өткелін.
Дүние деген дөңгелек,
Өткенім - келер көктемім!

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *

          Марат Отаралиевке 
                    (Элегия)

Сезіндім, аға, уақытты - сылдыр бұлақтай,
Безіндім, аға, тірліктен - сусыр сынаптай.
Көз ілгім, аға, келеді кейде сен құсап,
Сезімнің жара тұстары жанды шыдатпай.

Халықты қара, көз салып қала ішіне,
Алыпты дара айналдырмақшы кішіге.
Жаңа ұқтым, аға, өлім дейтіннің не екенін,
Тамұқтың қара сұлбасы еніп түсіме.

Қыршын жасыңның қайтармақ болып есесін,
Кеудемде менің  құпия ғұмыр кешесің.
Екеуміз кейде кеземіз, аға, кешкілік,
Гурьевтің шалшық көшесін.

Кетеміз сосын "ескі базарды"  бетке алып,
Аңқылдап саған әзіл айтамын шаттанып.
Мен көрінемін, сен көрінбейсің оларға,
"Жынды ма?" - дейді автобус күткен көп халық.

Денемізбен түйісіп қалып денеміз,
Жағалап жарды өлең оқимыз көне біз.
Мен және сенің елесің болып - екеуміз,
"Орал"  дейтұғын ресторанға енеміз.

Орындық алып Нағым отырар қатардан,
Орналасқан соң келеді біздер татар "дәм".
Абыр да, дабыр балауыз шамның астында,
Шарап ішеміз екеуміз жалғыз бокалдан.

Қызынып алып, оқисың өлең тік тұрып,
Мен үнсіз қалам қос жанарыма шық тұнып.
Сонан соң, сосын..,  кетесің көзден ғайып боп,
Жалғанның жалған екенін маған ұқтырып.

Кетесің еніп шулаған жұртқа жаңағы,
Шараптың ессіз тұмандап буы сананы.
Жалғыз - ақ бокал,
Жалғыз - ақ татар у шарап,
Жалғыз - ақ маған қалады...

Елесің өшіп, келесің қашан "Мәкем?"  -  деп,
Жоғалтып сені, бұрышты жалғыз мекендеп.
Ернеуінен кеп сүйемін сосын бокалдың,
Ерніңнің ыстық табы қалды ма екен деп?!

Пендеуи қайғы сырғымай қатпар қабақтан,
Беземін сосын шулаған жұрттан, шараптан.
Сайтан адасып кететін қара түндерге,
Шайқала басып сіңемін, шығып " кабактан "...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *   *

Тұңғыш балықшылар Гурьевтердің әкесі Гурий Назарьев ақсақалдың рухына ашық хат

Түсіңе кіріп Бекіре балық,
Шоршыған біздің айлақта.
Тарттың да кеттің шоқынып алып,
Атырау дейтін аймаққа.

Орнатамын деп киелі қорған,
Сесінен қорқып " киргиздің ".
Ата - бабамның сүйегі қалған,
Жағаға қамал тұрғыздың.

Жатырған шөгіп атандай далам,
Жібек Жолының өткелі.
Қос құрылықты қатар жайлаған,
Бабалар біздің текті еді.

Жүргенде солар көтеріп кеуде,
"Тамырға"  теңеп орысын.
Бөлген жоқ олар материктерге,
Атадан қалған қонысын.

Сен келіп,  малы төсінде ойнаған,
Даламды менің үркіттің.
Соңынан малдың көшуді ойлаған.
Бабамды менің үркіттің.

Жауады бүгін сұрақтың бәрі,
Сауалы болып өткеннің.
Балықты мықтап ұнаттың - дағы,
Халықты иттен жек көрдің.

Су асып, қаңғып келген орыспен,
Жауласып қазақ бұзылды.
Қулығың сенің кеудеңе түскен,
Сақалың құсап ұзын - ды...

Кездерге сол бір  өкінеді елім,
Құра алмай қалған қақпанды.
Төрт ғасыр тайдай бекірелерім,
Ресей жаққа аттанды.

Пенделер қашан өлгенді аяды,
Ұмытқан бұл күн мүрдеңді.
Беліңде сенің келген баяғы,
Ұрпағың қазір гүлденді.

Тапқандай олар " Жерұйықты"  енді,
Байлықтың біліп не екенін.
Күтеді жылда Гурьевтерді,
Ярославль - мекенің...

Қайысып қайғы көзіне тұнған,
Дүниені төрткүл тәрік қып.
Мал екеш мал да жеріне туған,
Тартпаушы ма еді жарықтық.

Катерлер ұқсас қара албастыға,
Аулары бейне қайғы - мұң.
Ұрпағың сенің оралмас сірә,
Каспийдің құртпай байлығын.

Түсірші қартым шамалап еске,
Кез келді енді мақұлдар.
Салғаның сенің қамал емес пе?
Қалада қандай ақың бар?

Осыны керек бағалауың да,
Балықшы жұрттың сардары!
Ақ Жайығымның жағалауында,
Мүрдеңнің аз ба қалғаны?...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *   *

              Тапқырлық туралы баллада                   ( Андрейге)

Жетпіс бір жыл өткеннен соң жыр етем,
Аңыз қылып талай айтты бұны әкем.
Досым шалдың тентек Аманғалиға,
" Адайкөгін " ұттыратын жылы екен.

Патша ағзамның оралмасын білгесін,
Жаңаша өмір сүру керек сүргесін, -
Деп біздің шал көшкен дейді артельге,
Мекен етіп " Көней ", " Көмей " іргесін.

Ата - жұртын артық көріп Меккеден,
Кез екен ол қазақ қырда көктеген.
Сауыққұмар болса керек біздің шал,
Төрден қонақ, белдеуден ат кетпеген.

Сойған малы болғанменен сонша арық,
Шежіреге шұбат қосып тамсанып.
Бір сәтті күн кілең игі жақсылар,
Біздің үйде отырыпты ән салып.

Отырыпты кілең сері, кіл батыл,
Арамызда кім екен деп шын батыр.
Кіріп кепті кенет жұрттың үстіне,
Көзі тұздай, мұрны біздей бір кәпір.

Кіріп келіп, айналаға асыға,
Қарап алып, қол жүгіртіп шашына.
Тыр - тыр қасып үсті - басын пәтшағар,
Сылқ түсіпті, самаурынның қасына.

Пенделерден қайтқан жандай меселі,
Денесіне батқан жандай кеселі.
Терін сүртіп кір жеңімен бес елі,
Нұсқапты  - мыс үлкен кәрлен кесені.

Бұны көріп қыр қазағы қосыла,
Ішегін тартып, басын шайқап шошына.
Таңданыпты.
"Мынау әлгі орыс, -деп,
" Бәлшебек ", - деп жүргендерің осы ма?! "

- " Уа, жамиғат!
Қашық болып күнәдан.
Жұмағыңа жетем десең дін - аман.
Орыс та адам ұлы емес пе, өзі әбден, 
Шөлдепті ғой, шай құйыңдар мынаған!

Кеткен былтыр бай - құлақта мал ақым,
"Аққалада " тоналғанда тон, атым...
Лау мінгізіп, күрте жапқан үстіме,
Дәл осындай орыс мұжық болатын".

Жамбасында " Орақ - Мамай " хиссасы,
Уысында насыбайдың шишасы.
Теріс қарап, шырт түкіріп іргеге,
Депті сонда Көпжан шалдың Қисасы...

Тірі орысты тұңғыш көріп туғалы,
Осы болып дастарханның думаны.
Қымыранға қызып алған қонақтар,
Сөз қозғапты әлгі " аққұлақ " туралы.

" Мен бұларды көруші ем тек түсімде,
Орыс деген қырда жүрер кісің бе?
Тобырынан қалды ма екен адасып,
Не іздеп жүр бұл ала құмның ішінде?!"

- "Бір қауіпті сап қояйын мен еске,
" Көзі көктен - түңіл " деген емес пе?
Қызылдармен түсіп қалып егеске,
Қашып жүрген қарашекпен емес пе?!"

- " Қыр қазағы тантымайды білмесін,
Арғы жағын біліп күлгін күлгесін.
Әр нәрсені сөйлеу керек абайлап,
Төбесінің  " тесігі "  боп жүрмесін!"

Деп бір қонақ уәж айтыпты көп - көрім,
Саңқ етіпті сол шақта бір өктем үн.
" Әй - әй, тамыр, төбем тесік болса егер,
Айран құйып ашытайын деп пе едің?!"

Алдарына кәпір емес, тірі ұлық,
Келгендей -ақ көрден қайта тіріліп.
Әлгі орыстың сөзге шеберлігіне,
Риза болып, күліпті қыр қырылып...

Шәй ішіп боп, ас қайырып шеберің,
Домбырамен көрсетпек боп өнерін.
Аңырата салса керек содан соң,
" Паңкөйлегін"  Мұхит деген төренің.

Қазақтыққа риза болып осынша,
Басын шайқап, ойланып қап сосын сәл.
Бір малының қиып тынып кәлләсін,
Қонағына бас тартыпты Досым шал.

Қыр елінде көтерем деп сананы,
Аты ұрланып....
Тоз - тоз болып табаны.
"Кулагиннен"  келе жатқан жаяулап,
"Компросс" - тың уәкілі екен жаңағы.

Сол далада тұсауымды кестірдім,
Сол даланың тілін ойлап кештім мұң.
Сондағы орыс сенің әкең екенін,
Андрей дос!
Кешір мені, кеш білдім.

Ана тілім айналғанда арыма,
Андрей дос,
Бір сөз айтам тағы  да:
Қазақшаны атаң құсап үйренсін,
Осыны ескерт орыс қандастарыңа!...


*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *   *

                    Адасқан асау
                   ( микропоэма)

                                              Мен өзім Аманғали атанамын,
                                              Байлардан таңдап - таңдап ат аламын.
                                              Түндегі көрген түсім рас болса,
                                              Мен осы күзден қалмай шаталамын.
                                              Жігітке қиын екен халыққа жақпақ,
                                              Көңілін бай - жарлының бірден таппақ.
                                              Қақ жарып қара қылды жүрсем дағы,
                                              Кетеді  біреу даттап, біреу боқтап...
                                                                         Аманғали Кенжеахметов.

               1. Сен кімсің?

Қарттардың тыңдай - тыңдай сөзін кілең,
Өзіңді, сөзіңді ойлап көз ілдірем.
Бұл елдің досысың ба, қасысың ба?
Сен кімсің?
Ұға алмадым өзіңді мен!

Дарын болсаң ажалмен қол ұстасып,
Әдетпе еді басқадан бұрын құлау?
Жарты тұтам тірлікте шалыс басып,
Сүріндің - ау, қайтейін, жығылдың - ау.

Кесті ме әлде, жолыңды қара мысық,
Сүттей таза едің ғой күріштей ақ...
Жұрт жығылып жатқанда шарап ішіп,
Жығылдың - ау, қайтейін, дым ішпей - ақ...

Сені біреу айтады желөкпе деп,
Ақиқатқа жететін дерек керек.
Тәрк еткенің рас па, бұл өмірді,
Досың айтқан бір сөзге бола өкпелеп?!

Мен сендей кесапатқа кездеспедім,
Әй,  қайдам, кездескенде төзбес те едім.
Шындық па " орда бұзар отызыңда"
Түңіліп бұ дүниеден баз кешкенің?....

Аштың ба кісеніңді сермеп, үзіп,
Қаштың ба шыныменен керме бұзып?...
Сені банды деп алып, әндеріңді,
Шырқайды,
Осы біздің ел де қызық...

Азаптан арыла алмай тірісінде,
Қалып қойып қаптаған мұң ішінде.
Қолынан құзғындардың қаза болған,
Аяулы арыстардың бірісің бе?

Заманның пірі менен перісін де,
Ұға алмай,
Түсіп кеткен теріс үнге.
Халқының қасиетін әнге қосқан,
Сайраған сары түзде серісіңбе?
Сен кімсің?

              2. Сол жылдардан жеткен үн

Ит тірлік, заһарынан маған да құй,
Япырмай, біткені ме жаманға ми.
Заманым ақырзаман  болған шақта,
Мен едім " Банды "  атанған Аманғали.

Мен де бір ұлың едім дәріптеген,
Бірге  еді менің жолым  халықпенен.
Қанішер халық жауы десе - дағы,
Ешкімнің қанын ішіп дәнікпеп ем.

Мойнымда кінәм болса о дүниеге,
Барғанда  "Құдайыңа"  барып көрем.
Сезгенім, қандай заман болса - дағы,
Қылады алыптығын алып деген....

Кетпеп ем адалдықтың үзіп қылын,
Қайтадан орала ма қызық күнім.
Сенделтіп сергелдеңге салатындай,
Жасаған  жоқ  еді ғой бұзықтығым!

Алынбай  асуларым  алсам деген,
Күндерім  өтіп  жатыр сарсаңменен.
Ерен болып,  мөп - мөлдір өлең болып,
Жүрегінде жұртымның  қалсам деп ем.

Ақиқатсыз көңілді басардай мұң,
Ар - ожданды ойлаудан бас алмаймын.
Сайтан айдап, сар дала саяқ кетіп,
Үйірінен адасқан асаудаймын.

Босана алмай  бұлқынып торда қыстай,
Қыран құсым қажыды самғап ұшпай.
Салқар құмда сүргіп сап жүріс мынау,
Жаралы жолбарыстай...

Атамекен, келеді саялағым,
Асыл жарды келеді аялағым.
" Дұшпандығым " есіме түскен кезде,
Шырт ұйқымнан шыңғырып оянамын.

Күлгенімнен көбейді күрсінгенім,
Бүйтіп өмір сүргенім құрсын менің.
Қыран қылмай,  заманым, ылаң қылдың,
Қасіреттен жүрмін ғой құр сүлдерім...

Жүрмейді  жақсы менен залым қатар,
Милиция мықты болса, жарымды атар...
Халқымнан тілейтінім болашаққа,
Әнім мен кір шалмаған арымды апар,
Артымда қалған анау Нағымды апар...!

Соңыма түскеннен соң қасқүнемдер,
Талайлар атой салып асты Дендер!
Алайда ұрпағыма Аманғали,
Заң емес  залымдардан қашты деңдер!

Мен де бір серің едім күміс көмей,
Сөзімді түсінуге тырыс кедей.
Неліктен Аманғали Нарында жүр,
Неліктен Тайсойғанда Құныскерей?...
...Жүрміз ғой дым істемей, түк істемей...

Тілеген жоқ болатын Отан құрбан,
Заман - ай, ақ, қарасын қатар қырған.
Халқымның жоғын жоқтап жүрген кезде,
Кім мені халық жауы атандырған?! 

Заманым, заман емес, перісің бе?
Қоймадың сары даланың серісін де...
Япырау, қазақ деген ел едік қой,
Бір ерке жүрмей ме екен ел ішінде?...

          3. Тас қабірге тіл бітсе...

Мен өлермін...,
Қанжығама қайғымды байлап алып,
Жауым күлер со сәтті пайдаланып.
Жайық жылар, жабырқап, жайлап ағып,
Тіршілікте көрмеген рахаттың,
О дүниеде келмесі айдан анық...

Мен өлермін бәріңді талақ қылып,
Мен өлермін аспанға қарап күліп.
Біреу айтар: жарықтық от еді деп,
Қыршын ғұмыр - жасымды санап тұрып.

Біреу күлер жеткенің осы ма деп,
Біреу жоқтап қайғырар басыма кеп.
Ей, дүние!
Бірақ та саған қарап,
Күліп қалған бейнемнен шошыма тек!

Мен өлермін,
Өлмессіңдер сендер де пасықтар - ай! 
Күлкім қалар сендерден қашықтамай.
Күліп тұрған енгенде менің бейнем,
Тұрарсыңдар түн бойы шошып талай...

Батыры жоқ болмайды Одақ бекем...,
Ақыны жоқ ауыл да абақты екен...
Мен өлемін,
Мылтық пен домбырамды,
Құм төбенің басына қадап кетем...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  

Жоқ деңдер мені,
"Тума"  құм жақтан шашасын қандап,
Шыңғырып жетсе кер бестім.
Күтпеңдер мені,
Сөкпеңдер мені,
Кегімді мен де дұшпаныма бермеспін.
Өйткені марқұм Махамбетпенен жерлеспін,
Ер Шабайменен елдеспін,
Талай дүріңнің арынын басқан
Нарын - құм деген жерде өстім.
Еркекпін деген,
Тентекпін деген талайларыңмен белдестім.
Алаштан асқан алпауыт біреу болмаса,
Жолымды менің кеспеуі керек енді ешкім.
Мен кеттім!

      4. Сергелдеңге түскен серіге.

Қаумалағанда қайғының басқа бұлты мың,
Саудалағанда талайлар ғұрпын ұлтының...
Қай жерде қалды үкілі қоңыр домбыраң,
Қай жерде қалды ұңғысын кескен мылтығың?...

Қай жерде қалды теңселткен сені күшті ағын,
Қай жерде қалды айнымас ата дұшпаның?
Қай жерде қалды ашуға мінген тұстарың,
Қай жерде қалды асыл жарым деп құшқаның.

Еліктеп түзден жемтігін табар қасқырға,
Тарттың да кеттің..., 
Ақиқатыңнан қаштың ба?
Сондағы ерен есерлігің мен ерлігің,
Қай жерде қалды?
Қай шағылдардың астында?

Құдірет жоқ қой тірілтер қайта өшкенді,
Сиқырға бөлер сұрықсыз сұрғылт кештерді.
Алашқа жетпей, Атырауыңның аузында,
Әндерің қалды, қалмады басқа еш белгі.

Ойласам сенің қасіретіңе жетер ме ой,
Кеудемде менің көтерді тағы қатер бой.
Дүние, шіркін, өтер де кетер екен ғой,
Бәрі де соның бекерден - бекер екен ғой...

Қай кездерде де алады сені есіне ел,
Талайға жұмбақ тағдырың бір күн  шешілер.
Ерлерді ездер еңіреткен кезде,
Дүниеге 
Ақырын келіп, аһ ұрып кеткен есіл Ер!..

       5. Ұрпақ сөзі: " Абайлаңдар, адамдар! "

Тірлік деген толқынды теңіз бе әсем,
Сол тірліктің бетінде көп із кешем.
Өтінемін,
Сөзіме сеніңіздер,
Қодар менен Бекежан егіз десем!

Сайлап мінер сұмдықтың сұр жорғасын,
Сатқын заман қайтадан бүр жармасын.
Ақиқаттың ажалы болған талай,
Бір сұр жебе,  бір қанжар,  бір қорғасын...

Өмір - ана тартады бірлік күйін,
Тірлік қиын,  алайда, тірлік қиын.
Ықылас пен Дантестер Қодарлардың,
Немересі екенін білдік кейін...

Бірлік күйі тоқтама,  Арындашы,
Жалғандықтың мұқалсын қарындашы.
Ал, Каплан кешігіп,  кенже туған,
Болып шықты Дантестің қарындасы.

Той - думанмен жүргенде, сауықпенен,
Тірлік - теңіз үстінде ауып кемем.
Сол зұлымдар тағы да бір тасадан,
Шыға келетіндей боп қауіптенем.

Көрмеу үшін жесірдің жылағанын,
Көрмеу үшін алыптың құлағанын.
Екінші рет тумайды бұла - дарын, 
Абайлаңдар, Адамдар!
Сұранамын!!!

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *
  
               5  - бөлім
           Жаңа жырлар   
Ақынның айтып арманын,
Атады аппақ таңдарым.
Жұмыртқа  -  жүрек шайқаған,
Жырларым - балапандарым.

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *
  
               Замани зар
     ( Шымыр Қармановқа)

Октябрь таңы арайлап атты,
Нұрлы еді қандай таңғы қыр.
Шапағын шашты большевиктердің
Жалауларындай қан қызыл.
Тамаша таңмен таласа тұрып,
Жарасты қанша сан тағдыр,
Адасты қанша сан ғұмыр...

Алма апам құсап шашын кескендер,
Сайтан ой улап санасын,
Айырған шақта "Алашым"  деген
Азаматтардың арасын.
Қазақтың өңкей сұлу қыздарын
Жинап ап Сәкен -  серілер
Қымызын ұрттап қызойнақ қылды
Қаз ЦИК - тің мейрамханасын...

Асау ұлдары аспанға тарпып,
Арманға жетпей ту асқар,
Төрт - бес жандығын ТОЗ - ға сап тозып,
Жүнжіп кеткенде жуастар,
Қайын атасын кәмпескелетіп,
Көк етік киіп бәлденді,
Ауызы асқа жарымай өскен 
" шұлғаудан шыққан шуаштар"

Маңдайға жазған болмыстың заңы:
" Қазаққа ғана қазақ қас"
Сондықтан зармен табақтас бол да
Азапты мініп тозаққа ас.
Терегің қурап, текті ерің тулап,
" Итжеккенге " асып кеткенде,
Теңселген елге сен төре болдың
тексізден туған тезек бас!

Со бір тексіздер дастархандарды 
Теуіп бір кетсе төрден кеп,
Жарамсақ қулар жүйткіді талай
Мәскеуден ұшқан орден боп...
Қара " Зим" - дердің ала шаңдағын
шампаньмен жуып тазартып,
Төрелерге арнап құлын сойғандар
тірі жүр әлі, өлген жоқ...

*  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *  *
               
           Ұлылармен ұғысу
                  ( қос өрім)
                1. Абайға
Ақылдан аққан ақжарма ағытқан кезде арнасын,
Орынсыз жерде одыраңдатпас алтыннан асыл алмасым.
Текті тобықты торсық шеке ұлды тоқалынан - ақ түлеткен,
Алшаңдай басқан абайсыз елге,  Абай, Сіз керек болғасын.

Ақындар үшін фәнилік парыз
жыр жазуменен өтелмек,
Шақырғаны шын шабыт құсыңның
заңғар шыңдарды мекендеп.
Михаэлистерге Гейне боп сосын
қалқыдың "Шыңғыс" төрінен
Шығысты Батыс етем деп...

Содан соң самғап кеттің де бардың,
қанаты талмас қырандай,
Соңында сенің өңкей шуылдақ,
шуылдап қалдық ұлардай.
Батыс болам деп күнәға батып,
ата - ғұрыптан айрылып,
Ал, енді жүрміз, 
Батысты Шығыс қыл алмай...

Қара өлең киген көне күпінің
жамаймын дей ме жыртығын,
Ойына дым да кіретін емес
кәдімгі қазақ " қыртының ".
Комсомолдарша қомданып барып,
коммунистерше толғанып,
Бөтен сөзбенен былғадық талай
сіз әдіптеген жыр тілін.

Абайдың рухы! Кезің бір келді 
елге де біздің ат байлар,
Текті өнеріңді теңгеге салған
тентекті көрсең тоқтай қал!
Шәкәрім менен Абайды көріп,
шамасын біліп, жыр жазбай,
Өз даңқын өзі өлтіріп өткен
пайғамбар екен Көкбайлар...

Күншіл халықтың күңкілін даттап,
күңіренсе сендік кәрі жыр,
Не демек бүгін ғасырдан асқан
ойлы өлеңіне қарыз ұл.
Тәлім жырыңнан тәрбие алмаған
тексіз ұрпақтың қолында,
Оразбайлардан мұра боп қалған
баяғы шоқпар әлі жүр...

Р.S. Біздің де, шіркін, болады ма екен
кезіміз бір күн гүлденер.
ирани баққа айналмас әзір,
бүргелер тұнған түрмелер.
Сендерді қайтсін жабырқау жыр мен
мұқалған көңілі мұңды өнер,
Абайың түгіл,
        Құдайын таптап жүрген ел...

                  2. Жамбылға

Кездесе кетсе кем түспейтұғын
     Қашаған менен Абылдан,
Қазақы қанды қара өлеңдегі
     қайыспас қара қабырғам.Коммунизмге  халықты сүйрер
     бір дана керек болғанда,
Кемеңгер шалым, көк есегімен
     "Қастек"  маңынан табылған,
Табиғат ана- туа бермеген
     нәмбай шалдарын сендей нақ,
Ал, енді күллі жер жүзі болып,
     ғасыр - Жамбылға таңдай қақ!
Собольев сынды тәржімәшісін
     аттандырыпты тыңшы қып,
"Киргизден Гомер шықты" - дегенге
     Сталин де өзі сенбей қап...
Текті жырыңды теңей алмаспын
     алтынға, яки асылға
Телегей төрт - ақ жолыңның өзі
    тіреу боларлық ғасырға.
Ленаны бойлап, Ленинградты ойлап,
   аршылан болып ақырдың,
Үш Айбергеновтың жасында!..







 







Комментариев нет:

Отправить комментарий