Өмірбаяны

    Табылды Аяшұлы Досымов - 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор поселкесінде дүниеге келген. 1972-1982 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін түсіп, 1990 жылы журналист мамандығын алып шыққан. 1983—1985 жылдар аралығында Германияда әскери борышын өтеген. 1986 жылы қаһарлы  Желтоқсан көтерілісіне қатынасқан.
1990 жылы арнайы жолдамамен Атырау телерадиокомитетіне келіп, жаңа облыстық телевизияның құрылуына атсалысқан. 1992 жылы облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы мемлекеттік филармонияда шығармашылық жұмыстармен айналысқан. «Желтоқсанның жебесі» атты жас таланттар тобының жетекшісі, 1993 жылы Индер аудандық тіл басқармасының бастығы, 1995 жылы облыстық дәрежедегі Махамбет қорының директоры қызметін атқарған. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін Индер Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
          Аудандағы Махамбет пен Мұрат ақындардың  ізбасарларын дайындау жолында белсене еңбек етті. Олардың бірнеше жинақтарының баспа бетіне шығуына, сол арқылы елге, әдеби ортаға танылуларына жол ашты. Әрбір жас талапкерді шығармашылық жолда кездесетін сан кедергіге мойымай, ауртпалықтарды жеңе білуге үйретті. Ауылда тұрса да олардың шығармашылығын Республика деңгейіне шығуына жағдай жасап бақты.
      Өзі де шығармашылығын дамытып, «Жанарымның жарқылы» (2000), «Ұнатамын мен сені» (2002), Болат Қоқамановпен бірігіп "Жайықтың толқындары" жыр жинақтарын, "Ұнатамын мен сені", "Тәтті мұң", "Табылдың әні", "Алматыда қалған қыз" үнтаспаларын шығарды. Кейіннен ақын (дүниеден өткен соң)  шығармаларына арналған "Із тастап аққан бір жұлдыз" (2013), және "Мойындату" ( 2016) атты кітаптары жарық көрді.
 Табылды Досымов республикада тұңғыш бард өнерін насихаттаушы.Республикалық «Үкілі үміт» байқауының дипломанты, облыстық Жастар сыйлығының лауреаты (2000), Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған(2003). ҚР Мәдениет комитетінің Құрмет грамотасымен, Атырау облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталған, 

    Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі (2008), Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі (2009), Атырау облысы Индер ауданының Құрметті азаматы (2013) атағын алған.
    XX ғасырдың 80-90 жылдары студенттік өмірге аяқ басқан жастар Табылдының әндерімен қауышатын. Жастық дәурен - қызығы мол думанды кездерге толы. «Көңілді отырыс өтеді, ән айтылады, би кеші болады»,- десе жастардың елең етіп, бар ісін ысырып қоятыны айдан анық. Есте мәңгі қалатын отырыстарда гитара асынған қазақтың қара домалақ баласы, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов. Өзінің иірімге толы лирикалық әндерін шырқап, кештің шырайына өң беріп тұратын. Бірте-бірте алпамсадай Табылдының өзі сол бір кеште отырмаса да, бүкіл қазақ жастары әндерімен тербелді. Ақынның сыршыл да сұлу,сағынышқа, сезімге, тәтті мұңға толы әндері айрықша.
Жанарыңа қарауға жасқанамын еркем-ай,
Ару қызы сен бе едің астананың-ай,
- деген әнінде Алматының жастар шаһары ретіндегі болмысы мен келбетін айрықша сипаттаған.
Ол серіліктен де алыс емес еді. Ақан серілердің арқада өткізген серілігі, салдығы алып шаһар Алматы қаласына ауысып, нағыз романтиканы суреттеді. Болмысы бөлек бард ақынның өміріне, шығармашылығына, поэзиясына, әндерінің әуендеріне 1986 жылы болған оқиға үлкен өзгеріс алып келді. Өйткені елім деп, жерім деп алаңға шыққан жалынды жастардың қатарында Табылды да болатын. Желтоқсан дүмпуінен кейін Табылды Досымов оқудан шығарылып, туған жерге кетуге мәжбүр болды. Бір жылдан соң, әсем қала Алматыға қайта келіп, оқуын жалғастырады. Бір жыл мәдени ошақтан алыс бола тұра, шығармашылықтан қол үзбей, жастарға өнеге боларлықтай бардтық үлгіде патриоттық, ұлтқа деген сүйіспеншілікті оятар әндер алып келді. Бард, біздіңше жырау. Бардизм португалия халқының гитарамен айтылатын жеңіс жырларынан бастау алады. Сол бір жеңіс тұғырынан көрінген тәуелсіздік «Желтоқсандағы жыр-ән», «Қазақ едім дегенше...», «Әулет диалогы» және т.б. жырларының өмірге келуіне себепші болды. Алаштың ұлы, Аяштың ұлы Табылдының бардтық әндерін тыңдаған жан еңсесін көтеріп, елім деп еміреніп, жұртым деп жалындайтыны анық.

Комментариев нет:

Отправить комментарий