Лебіздер

Бижан Қалмағанбетов,
 Алтай Тайжанов

                   Жүрегі толған жыр - әлем

                   (Қазақтың белгілі бард ақыны Табылды Досымов шығармашылығы туралы ой-толғам)

Байтақ республикамыз талапты да талантты адамдарға кенде емес. Әсіресе өнер саласында баршылық.Соның ішінде әдебиеті тұрғысында дамып жетіліп, бүгін сан арнаға бөлінген: жыршылық пен жыраулық, ақындық пен билік, шешендік, кейін ұлттық өнердің негізі болған салт-сауықтың сан-салалары тағы басқалар болып кете береді. Біз әңгіме арқауы етіп отырған Табылды Досымов-әрі ақын, әрі өнерлі азамат. Ол- сонау университет қабырғасында жүрген кезден бастап мерзімді басылымдарда өршіл рух пен намысқа үндейтін, ұлттық болмысты қалыптайтын, ұлттық санамызға сілкініс әкелетін, ойға ой қосып, парасатты қадамға бастайтын отты жырларымен ерте танылған ақын. Алайда Табыл дарынын ерекшелей түсетін оның тағы бір тұсы- ол жай ақын емес, республикамыздағы алғашқы БАРД ақындығы. Ол сөзін де, әнін де өзі жазып, оны тыңдармандарына гитарамен, домбырамен және де басқа да аспаптарда өз орындауында жеткізетін бірегей жан, сегіз қырлы өнерпаз, халқының сүйіктісі, әрбір кездесуін көпшілік сағынышпен күтіп жүретін абзал адам. Өзінің алғашқы жыр жинағы "Жанарымның жарқылында" (Алматы "Зерде",2000ж): Өзіңді іздеп шарқ ұрғалы ұлы өлең, Саған қарай талпынғалы мына мен. Өмір енді емін-еркін кеудеме, Тебіренді жүрегімде жыр-әлем, - деп келген Табыл Аяшұлы бұл күнде танымал өнерпаз, осы салалардағы сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, көптеген бейнетаспалардың иесі, еліне елеулі, халқына қалаулы, егемен еліміздің рухани әлеміне өзіндік үлес қосып жүрген мәдениет қызметкері,  Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Табыл шығармашылығы сан-салалы, сондықтан да оның мазмұны бай. Ол ел мен ер, өткен заман тылсымдары мен ата-баба аманаты туралы тереңнен толғанса, адамгершілік пен ұлтжандылық- өлеңдерінің басты өзегі, ал достық пен махаббат хақындағы өлеңдері кестелі сөзге, орамды ойларға құрылған. 
    Ақынның өлең жолдарын оқи отырып өз еліңе деген үлкен сүйіспеншілікке, ерекше патриоттық сезімге бөленесің. Табылды оқысақ, біздің ел - "Қобызының - мұң-зары құс қондырған..., періштеге айналып сайтаны да, озып келген бәйгеден байталы да, серісінің ерлігі анық дастан - сүйген қызын сұрамай, алып қашқан, тентектері - мыңғыртып түйе айдаған, дарындары - бақай мен күй ойнаған" ел. Қарапайым, қазақи тарихымызды ой елегінен, таным таразысынан өткізіп барып туған тағылымдық, мәнді философиялық ой-толғам - ұлтымызға бүгінгі күні де керек қасиеттер.
     Табыл ауылын ерекше сүйеді, туған жеріне сүйіспеншілігі қайда жүрсе де есінен кетпейді, сондықтан да жырының бір арқауы - өзі туған өңірі. Ол армияда, шалғайда өзінің азаматтық борышын өтей жүріп, туған өлкесі Атырауды аңсайды, ауылдағы анасының аялы алақанын да, әкесінің "таяғын" да сағынады. Елге деген ыстық ықыласын білдіріп: Сағымды қырлар, шағылды құмдар, далалар, Түсімде көрем, көрмеске қандай шара бар. Аулақтан кейде паровоз болып боздайды, Ауылда қалған қара нар...,- дейді.
    бұрынғы кеңес заманында ес біліп, етек жиған көптеген жастар түсер сүрлеу белгілі болатын. Көбі ауылдан мектеп бітіріп, оқу, білім іздеп, қалаға аттанатын, қайсыбірі оқуға түскенше немесе одан кейін әскер қатарына барып келуші еді. Басқа жастардай Табыл да осы жолдан өтті, оның "жалауы болған жанымның, сағындым, бәрін сағындым, самал желге жон төсеп, жатыр ма екен Нарын құм",- деп жырлаған кезі де осы тұс.    
    Мәселен, мынау үлкен де кәрі көршіміз Қытайда ұрпақты бесіктен белі шықпай жатып Отанын сүюге  тәрбиелейді. Әлеуметтік мән-мазмұнды Конфуций ілімінің басты қағидаларының бірі: "Қытайды әлемнің ортасы деп түсіну, өзіңнің Қытай азаматы болғаныңды мақтан ету, Қытайды туу да, Қытай ұлтының өкілі болу да - бақыт" деп түсіну. Міне, бұл- нағыз отаншылдық, ұлтыңды сүю. Мұндай идеология қай елдерде де болды. Кеңес үкіметінің тұсында біздің ұрпақ:"Мой адрес не дом, не улица, мой дом - Советский Союз" деп те жырлаған. Бірақ Конфуций ұрпағындай отансүйгіштік қалыптастыра алмадық. Өйткені тал бесікте тәрбиеленген үйі жоқ, балалық шағы өткен көшесі жоқ, ұлан-ғайыр кеңес үкіметін қанша құшсаң да, құшақ жетпес еді, бойға ұлттық болмыс, ұлттық қадір-қасиет сіңбес. Оны сіңіретін кіші Отан (ауылың), оны сіңіретін ұлттық болмысты Ұлы Отан (Егемен, тәуелсіз елің). Қайда жүрсе де туған еліне деген махаббаты мен сүйіспеншілігі бір толастамаған Табыл ақын шалғайда, құздың қойнында жатып, қырдың көктемін аңсайды, кей кезде:"шіркін-ай, қайтсам арман не, Жайықтың бойын бір көріп" деп армандайды, бір сөзбен айтқанда, ақын "бозбала бесігін үнемі іздейді". Кейде ақын қиялымен Толағай болып туылғанда сол боздаласына, Атырауына "бір тау әкеп қойғысы" да келеді. Бірақ ол қиялынан тез арылып, таудай ерлері бар, алда алар асулары бар тәуелсіз еліміздің барлық өлкесі киелі екенін "Ерліктері айналмайтын елеске, Атыраудың алабының бәрі есте. "Ереуіл атқа ер салған егесте", Махамбеттің өзі бір тау емес пе?!"- деген жыр жолдары арқылы өзінің көңілін көншітеді. Оған қоса, "қыр баласының тауға қарап өспей, онан да биік аспанға қол созатын" өлеңімен айғақтады. 
    Атақоныс, Атажұрт, Атамекеннің басты анықтауышы - сол жерді мекендеген халықтардың тілі мен ділі, тарихы. Табыл шығармаларында бұл мәселелер де қамтылған. Біз саясаттың бұлтаңына салып, заңдар шығарып, басқармалар құрып мәселесін әлі шеше алмай жүрген тілімізге деген құрметі мен сүйіспеншілігі Андрей досына арналған балладасында: "Ана тілім айналғанда арыма, Андрей дос, бір сөз айтам тағы да: Қазақшаны атаң құсап үйренсін, Осыны ескерт орыс қандастарыңа!"...- деп бірауыз сөзбен түйіндейді. Иә, арымызға айналған, мемлекеттік мәртебеге ие болған тілімізді білу, ұлтына, сеніміне қарамастан, барлық Қазақстан азаматтарының парызы екенін түсінетін де, түсіндіретін дее уақыт жеткен сияқты. Ол үшін ақын Табыл жырлағандай, "өзінің құл емес, күң емес, азат екенін, ашуланса, тірлігін бір кесе шайға бола талақ ететін, шындықты айтуда шоқпардан да жасқанбайтынн, халқы үшін қан-додаға кіруге дайын, "мен қазақпын" деп ән айтатын Қазақстанның азат азаматы болу, бүкіл болмысыңмен қазақ болу керек.
    Егемен елдің рухани саладағы басты ерекшеліктерінің бірі - этномәдени құндылықтары, дәстүрлері мен салттары. Т.Досымов шығармаларында бұл мәселелер жан-жақты қамтылған. Олар - ата-ана мен бала, үлкен мен кіші диалектикасы мен жалғастығы. Бұл - ұлт болмысы тұтастығы. Әкесі мен шешесінің жалғыз ұлы Табыл "Әке мен шеше" өлеңінде бұны өте тамаша көрсеткен. Дана Абай: "біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" дей отырып, "досыңа достық - қарыз іс" екенін ескертеді. Ақын Табылдың да аға достары, құрбы достары бар. Ақын олардың бәріне де ақ көңілмен, ақ жүрекпен сыйластықпен өлең арнаған. Олардың қатарында күзетші құрдасы да, өзінің досы мен жолдастары да, құрмет тұтқандары мен курстастарына арнаулары да, шығармашылықтарын ақын Табыл үлгі тұтқан, бұл күнде арамызда жоқтар да бар. Барлығына ортақ бір мазмұн - олардың адами тұлғасын анықтау, шығармашылықтарын парасаттылық тұрғыдан пайымдау, кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Ұлылармен терең ұғысқысы келген Табыл ақын олардың жеке үлгілі өмірлеріне үңіледі, жыр арнайды. Ол ұлылармен ұғысқысы келіп Асанқайғыны аңсайды, Махамбеттің жауынгер поэзиясынан үлгі алады,Ақандай серіге ұқсауға, абайдан тағылым алуға талпынады. Алайда ақын жүрегін жаралайтын жандар да бар бұл өмірде. Олар : бұрын "аузы асқа жарымай өскен", "шұлғаудан шыққан шуаштар", "тексізден туған тезекбастар", еліміздегі уақытша қиындықты пайдаланып, бірі ел басқаруға қол жеткізсе, енді бірі - сондайлардың арасында ірілі-ұсақты билек басында отырғандар. Азат ой мен азат сананы аңсаудың орнына, құлқын қамында жүргендер. Табылша айтсақ, "жастарға үлгісі жоқ, еліне еленер игі ісі жоқтар". Автор бұларды"Замани зар" деген шығармасында жан-жақты көрсетіп берген.
    Халқының сүйікті ұлы, бард-ақын, өзі өскен топырақтың рухан өрлеуіне елеулі үлес қосып жүоген Табылды Досымов шығармашылығын барлық уақытта да көпшілік оқырманға жақын. Өйткені ол: "Жинамай бедел теңгелеп, Кешемін тағдыр өткелін. Дүние деген дөңгелек, Өткенім - келер көктемім" - деп өзі жазғандай, биліктің беделінен де, байлықтың беделінен де аулық жан. Табыл - ақын да, пенде, адам. Ендеше, жалпы тұрғыдан алғанда, оның да "осал" тұстары, сынаушылары мен мінеушілері де болуы мүмкін. Басқасын айтпағанда, дана Абай да:" Арғын, найман жиылса, Таңырқаған сөзіме, Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне",-демеп пе еді. Мұны Табыл да түсінеді. Сондықтан ол жыр жинағының "өткенім-келер көктемім" бөліміне Аманғали Кенжеахметовтің: "Жігітке қиын екен халыққа жақпақ, Көңілін бай-жарлының бірдей таппақ. Қақ жарып қара қылды жүрсем дағы, Кетеді біреу даттап, біреу боқтап"...- деген жолдарын эпиграф етіп алған.
    Иә, өмірде осылай...Адамдар бір-бірін үнемі үндесе түсініп, ілесе жүріп, бірлесе біріге бермейді. Қанша адам бар, сонша түсінік бар, пікір бар. Ал шығармашылық адамдарының тереңіне бойлау, ақындарды анық ұғыну - қиынның қиыны. Сондықтан тума талант иесі Табыл ақын көпшілікке арнап: "Көрмеу үшін жесірдің жылағанын, Көрмеу үшін алыптың құлағанын. Екінші рет тумайды бұла-дарын, Абайлаңдар, адамдар, сұранамын", - дейді.
    Біз өз ойымызды өте дұрыс айтылған ойлы сөз, орынды сөз деп аяқтар едік! Алайда ойымызды біздің кейіпкеріміздің өз сөзімен аяқтауды жөн көрдік: Осылай деуді құп көрдім, Оқырман сен қой нүктесін. Адамдық ғұмыр біткен күн, Ақындық ғұмыр бітпесін!
    Лайым солай болсын. Ақындық ғұмырың да, адамдық ғұмырың да ұзағынан болсын, ел сүйген, елін сүйген азамат, дарынды ақын, өнерлі жан. 
                                                                                                                                         Ақтөбе қаласы 







Жайлы Балтоғаева 

                    Табыл - көңілдің қоңыр мұңы  

                                         Бірінші сөз

    Табыл - қазақ поэзиясының табысы. Табыл өлеңдерінің табиғаты - Табыл табиғаты. Өйткені мұнда жасандылық жоқ. Ол - оқырманнын науқандық жасампаз ұрандармен жауыр ететіндердің сапынан емес. Бұл - бір бүтін, тұтас ақын. Ақын - Табыл, адам - Табыл ажырамастай бірге. Өйткені өмір-дана, көңіл-нала, бала-шаға Табыл-көңілді, сері-көңілді өз сырларына ерте үңілдірді, мүмкін, кейде түңілдірді, кім білген... Әйтеуір, Табыл поэзиясының мөлдірлігі, тазалығы рас.
    "Жанарының жарқылын" әлі де болса, жасандылық жаулап үлгермеген топ ақын қалса, солардың санатынан Табылды да табарыңыз хақ. Себебі студенттік партадан біз білген Табыл - көңіл ақ, пәк, мәрт болатын. "Жанарының жарқылы" - деп аталған жинақтан сол асылдардың көңіл қамбасының қазынасынан әлі де болса абыройлы орында екенін сезініп, көңіл қуанды.
    Табыл - табиғаты қызық ақын.
    Жинағында атап көрсеткендей,"қазақтың бард ақыны" дейді де. Бұл - тұп-тура ақын ерекшелігіне берілген атау. Өйткені Табыл - орындаушы, Табыл - сазгер. Табыл - тіпті аранжировка шебері(мысалы, Е.Раушанов "Жолданбайтынн хат", М.Мақатаев "Ұнатамын мен сені" т.б.). Ол - әнді орындауда жаңа стиль тудырушы да. Ол- еліктегіш ақын емес, өзіне еліктететін ақын. Жастар арасынан Табылды үлгі етіп, оның дауысты әдемі созу, қарасөзбен баяндап отырғандай түсінікті, көркем тақпақтай келіп сазды қоңыр үнмен көмкере салу, сиқырлы жымиыс, өлеңге бітім-болмыспен қызмет етуі... тағысын тағыларды өздеріне айнытпай көшіруге тырысушыларды жиі кездестіреміз. Әйтеуір, бұл - даңқ-дәрежесін уақыт патща белгілейтін, соңынан шағын да болса өзіндік мектеп қалдыра алар өнер үлгісі. Енді "бард" сөзіне оралайық: "бард" сөзін тура мағынасында алар болсақ, көне кельттер тілінде "ақын", "жыршы" деген ұғымды танытады. Және қосымша, келтірінді мағынасы - батырлық, ерлік жыршысы, жырлау. Яғни бард - ежелгі кельттердің халық поэзиясының өкілі, жыршы, ақын. XVIII ғасырдан бастап термин мағынасы кеңейіп,"ақын" сөзінің баламасы ретінде қолданылады. Осы секілді, орыс поэзиясында В.Высоцкийдің де "бард ақын" аталуы "бард" сөзінің сежелгі ұғымына, ойды беру стилі тұрғысынан сәйкес келеді. Ал Высоцкий мен Табыл поэзиясын бір-біріне ұқсас, жақын етіп тұрған- сөздерге жаңа мағына жүктеу, ерекше мінезді тентек тіркестер, асау ой, адами бүтіндік, серттілік, мәрттік, шартпа-шұрт сәттік найзағай шабыт маржанын күн  немесе күнгей демей, дауыл деп елемей шашып өтер ақ жаңбыр сезімдер.
    Сонымен, ой зертханасына салып сараптар болсақ, мәселе стильге келіп тірілетіндей, яғни қасқайып тұрып мәрт айтылар ақиқаттың ақ сөзінің жыршысы. Ешқандай идеологияға мойынсұнбай, жаратылыс пен болмыс  туралы "өзіндік" ой сомдаушы тұлға. Жалпы, теориялық тар қалып талант табиғатын жан-жақты аша ала ма? Өйткені Табыл поэзиясына стильдік тұрғыдан келер болсақ, бұл "серілік" өнерден де алшақ емес. "Сері" сөзі, бәлкәм, арабтың "сир" (сейір) - "қыдыру", "кезу" деген сөзінен туып, серуен, сайран салу мағынасына айналып, сонан "сері" ұғымы қалыптасқан болуы мүмкін. Ал В.В.Радлов "сир" (сейір) қазақ, татар тілдерінде "серігу", "тынығу" мағынасында екенін, сонымен бірге сарын - сарнау (төлеуіт, сағай, қайбал тілдерінде де), өлең, ән айту, жырау мәніндегі сөздерге жақындығы барын ескертеді. Қазақта са-серілер аз болмаған. Олар ақындығынан да гөрі елге әндерімен, сауық-сайранымен, ерке, ерекше мінезімен, әншілігімен етене жақын. Дәл осы қасиет - сегіз қырлылық Табыл табиғатына да жат емес.
    Сөз түйініне келер болсақ, қай ақынның да я "бард", я "сері" боламын деп сөз саптамасы хақ. Бұл - табиғат үлесі. Шын мәнінде де, ҚазМҰУ-де, көркейте қолдансақ, Алматыда Табыл жырларын ауыздан-ауызға таратқан "Табыл жылдары" салтанат құрған уақыт та өтті бір кезде. Осылай ауызша таралу - ХХ ғасыр өкілінің өзіндік ерекшелігі демеске де, амал жоқ.

Екінші сөз

Ақын жырлары.
Жыр - көңілдің жүз-беті.
            Ей, оқырман, төрешілік - салт ұлы,
            Пайымдарсың, болса сендік ар тірі.
            Мынау жырлар, шамырқанған шақтарда
            Бір жалт еткен жанарымның жарқылы",-
деп әдемі инверсиялық ораммен оқырман қауымға салмақ тастай басталатын ақын сөзіне бұл мақала сын айтып, мін тағуды да, төрешілік құрып үкім шығаруды да мақсат етпейді. Біздегі үлкен тілек - жауырынды жырдың жолы болып, жинаққа айналып, жүректерге жылу құйғанына қошемет білдіру. Сағынған көңілдің қоңыр мұңымен табынған жүректің тәтті армандарын жанардағы жазудан оқып, тануға ұмтылу. Жалпы, белгілі бір ақынның шығармашылығын зерттеуде жылнамалық жүйемен сатылай отырып, ақын дүниесінің өсу, дамуын сыртқы қоғаммен байланыстыра қарау тиімді. Табыл поэзиясының тақырыптары, тіпті өлеңдегі көңіл-күйінің өзі сан қилы астарлы болып келетіндіктен де, қолымен көрсетілген уақыт, яғни бір ғана цифр ақын шығармашылығының тарихын өзіне жинақтап тұрар еді, мүмкін, ақын қолжазбасында бұл таңбалар бар болар. Бұл тіпті шығармашылық күнделігі іспетті де, әрі шынайы. Табылдың шағын жинағында - қоғамдық көзқарасын анықтар саси-әлеуметтік лирикалар, ақындық тұлғасын сомдаған көңіл-күй лирикалары, табиғат лирикалары, қазақ поэзиясының дәстүрлі стиліне мүлдем ұқсамайтын тәкаппар да паң, сол сәтте және нәзік махаббат лирикалары, философиялық ой-тұжырымдар, психологиялық сезім иірімдері шоғырланып келіп ақындық кредрның тұтастығын құраған.
    Ақынның "Әулет диалогі"- қазақ өлеңіндегі диалог-сұхбат үлгінің өзіндік бір түрі, яғни ойды қаз-қалпында (дәл формасында) берудің жаңа стилі. Мысалы,
    Атам "Аттан, кедейін!" айта күліп,
    Әкем жатты "Фашистер тойтарылып"...
    Мен даурықтым: "Жатырмыз қайта құрып!"
    Ұлым күлді:"Кетпейік қайта құрып"...
 "Әулет диалогі"- ұрпақ диалогі, ол- астарлы оймен тізбектелген ұлт тағдыры, әр жолы жеке бір тақырып, әр түрлі тарихи кезең көріністері. Ақынның көркем ойды жүйелей дамыту арқылы өзіне қазақ тарихының трагедиясын жинақтаған тағыы бір өлеңі -"Қазақ едім дегенше..." Жалпы, Табылдың саяси-әлеуметтік лирикалары - жазылу және орындалу тұрғысынан да "өлең-әңгіме" секілді жаңа үлгі.
    Сонымен бірге жинақтың ен бөлігін құраушы көңіл-күй лирикалары астарынан сынықтап жинап, толық ақындық мінезді тануға болғандай. Тағы бір жайт, ол - Табылдың арнау өлеңдері астарындағы көңіл - күй формаларының жасырын түрдегі сағыну, түсінісу, сырласу үлгісінде сырлы сезімге айналуы.
    Мәселен,
                    Көңілімнің кіршіксіз ақ парағын
                    Айғыздады тағы да қап-қара мұң.
                    Қадіріңді арттырған ер едің ғой,
                    Қабіріңе егіліп көп қарадым.
немесе
                    Жанарыңда мұнар мұң бар,
                    Со бір мұң,
                    Кіреукесін көтертпейді-ау көңілдің..,
                    Қабағыңда бір қайғы бар, бір қайғы
                    Со бір қайғы бақытыңды бұлдайды.
                    ....Дидарыңда сағыныш бар,
                    Сағыныш,
                    Со сағыныш жасар бір күн жарылыс",- 
деген жоларда ақын сезім құбылыстарына рең беру арқылы(мұң - қайғы - сағыныш) дамыта ойнатады.
                    "...Артыңда қалды көмген соң көріңе өкірер,
                    Таңдайы қайқы, маңдайы тайқы қазағың"....
немесе
                    ...Қай тентегіне тектілік танытар дейсің,
                    Махамбеттің басымен ойнаған халық..." - 
деп келетін, айтар ойы күрделі жолдарда пессимизмнен гөрі ақындық тағдырды мойындаған тектілік исі басым. Әсіресе ақын М.Отарәлиевке бағышталған жырлары аталып өтуі керек-ақ."Ол ақынды көрге бір-ақ тепкенбіз"-деп, Табылдың өзіне ғана тән "тентек" жолдармен басталатын "Сен кім едің?" өлеңіндегі әсершіл, ойнақы сезімге құрылған жеңіл юмор мұң мен өкінішке аралас өрілген. Ал "М.Отарәлиевке" элегиясында бейнелі көрініс тапқан "ақындық-тағдыр" трагедиялары арқылы ақын -өмір, тіршілік сұрақтарын көтере отырып, жанр табиғатын шебер ашады және "өлең-көңіл" образының біртұтастығын сомдайды.
                    Сезіндім, аға, уақытты сылдыр бұлақтай,
                    Безіндім, аға, тірліктен сусыр сынаптай.
                    Көз ілгім, аға, келеді кейде сен құсап,
                    Сезімнің жара тұстары жанды шыдатпай.
    Табыл өзіміз байқап отырғандай, дәстүрлі қолданыс "жаралы жүрек", "жаралы жан" емес, әсезім жаралы". Яғни ақын мазмұнды да бейнелі образ жасай отырып, өлеңнің айтар ойына жаңа мағына жүктейді:
                    Халықты қара, көз салып қала ішіне,
                    Алыпты дара, айналдырмақшы кішіге.
                    Жаңа ұқтым, аға, өлім дейтіннің не екенін,
                    Тамұқтың қара сұлбасы еніп түсіме.... 
    Лириканың қай түрінде де тіршіліктің зкзистенциалдық сұрақтарының мәнін іздейтін ақын: "халық" пен "дара", "алып" пен "кіші" сөздерін қайшылықты мағынада қолдана отырып, рухани жоғалу, сөну, өлім құбылыстарын жинақтайды.
                    Пендеуи қайғы сырғымай қатпар қабақтан,
                    Беземін сосын шулаған, жұрттан, шараптан.
                    Сайтан адасып кететін қара түндерге,
                    Шайқала басып сіңемін, шығып "қабақтан", - 
деген жолдар да пенделік тірліктің адамды жалғаннан бездірердей қасіреті, мұңы бейнеленген. Табылдың барлық лирикасының астарына өрілген, осы бір қоңыр мұң - ақынның махаббат лирикасының да әдемі бойтұмарындай, яғни табыл да махаббат пен мұң - егіз, Ақын поэзиясының негізгі тақырыбы - адамды алға жетелеп, бойына жігер құятын жылы сезімдер десек те, бұл құбылыстар Табыл поэзиясында ақынның өз әлемінің сырлы бояуына қанығып, мұңына малшынған "күрең күзіне" айналады. Табылдың  жалғандық пен жасандылықты жасыра алмайтын өмірдің өзіңдей шынайы поэзиясы - көңіл "күрең күзінің" галереясы. Мысалы,
...кезіктім саған...
қалаға сыймай қаңғырып жүрген кезімде...
болашағымды дал қылып жүрген кезімде,
...адам біткеннен түңіліп жүрген шағымда,
Тағдырдың талай тайғанағынан сүрініп жүрген шағымда.
Ақынның "азапты көңілін қажаған ен бейнетін" баса білген жанға "сүйікті, сұлу,ғашық т.б. "әдеттегі анықтауыш-жобалар әлсіз көрінетіндей . Ол - әйел! Бірауыз ғана сөз. Ол - "шамырқанған" шабытты сабыр сабасына сала білетін - ақыл мен сұлулықты, тәтті сезім мен адалдықты бойына жиған образ. Асқақтаған ақынның бәрі жыр еткен бұл сезім құдіретінің Табыл да өрнектелуі де ешкімге ұқсамайтындай ерекше, бұл, мүмкін, оның бойына біткен талантының жан-жақтылығынан да болар, өлең-сөздің астарынан оқырманның тек қана ақын - Табылды емес, сазгер - Табылды да табатыны хақ.
...Жолықтың маған арнайы асқақ әндей боп,
Мұңды әуенімді паршалап...
...Қайғыдан жылап көрмеген едім,
Жылағым келді бақыттан..
немесе
Бақытым менің жырақтап еді,
Жырақтап бәрің кетіп ең...
Бірақ та мені, 
Құлатпа мені,
жылатпа мені, өтінем.
Құласам егер құлармын егер құлармын,сірә, тұра алмай,
Жыласам егер,
Жылармын, сірә, жылармын, сірә, жұбанбай...-
деп келетін өлең жолдарында ақынның жанының жабырқаған жай-күйі, көңілінің халі, жүректегі махаббатының күші ешбір боямасыз, шынайы.
...Сүйем деп саған айта алғаным жоқ,
Сүйетінімді сезіне,
Сүйем десе де, сенбеуші ең сонда сөзіме,-
деп келетін жолдарда көз жас, сағыныш, торығу, реніш, қамығу, түңілу, іздеу - бәрі, бәрі бар.
    Табыл қаламы лириканың ссан түрінен: элегия, баллада, микропоэмалардан да сыр тартқан. Және сәтті! Мысалы, Абай рухымен сырласқын ақын, өлең-сөздің бағасын, эстетикалық танымын, сөз мәдениетін өзінен кейінгі жас буынға үлгі-өнеге етуде де, Абайдай абай болуды философиялық кеңдікпен ұқтырады, бұл - білім даралығы, ақын даналығы өз алдына бір ғанибет құбылыс.
Текті Тобықты торсық шеке ұлды
тоқалынан-ақ түлеткен,
Алшаңдай басқан абайсыз елге,
Абай, Сіз керек болғасын...
"Сендерді қайтсін, жабырқау жыр мен мұқалған көңілі мұңды өнер Абайың түгіл, Құдайын таптап жүрген ел"...
Абайдың рухы! Кезің бір келді
елге де біздің ат байлар,
Текті өнеріңді теңгеге салған
тентекті көрсең тоқтай қал!
Шәкәрім менен Абайды көріп,
шамасын біліп, жыр жазбай.
Өз даңқын өзі өлтіріп өткен ,
пайғамбар екен Көкбайлар.
    Сонымен, Табыл туралы ой да, сөз де көп. Мақсат еткен үрдімізден шыға алдық па, жоқ па...Ал Табыл тілек - ойларыңды жарасымды, құнды етуші қоңыр мұңдарыңыз қалдырып кетпесін. Жырларыңыз аңсаған биігіне тентектік пен тектілігін жоғалтпай жете берсін демекпіз!







Роза РАҚЫМҚЫЗЫ


             ТАУҒА АЙНАЛДЫ ТАБЫЛ ДА...

...Қалың қазақ сенбіден бері Табылын жоқтау үстінде. Атыраудан естілген қаралы хабар Арқа төсін көктей өріп, бір басына ақындық пен композиторлық, әншілік қасиет қатар қонған аяулы азаматтың жалынды жастығы өткен Алатау бөктеріндегі ару Алматыға да демде жетіп үлгерді.
    Өнерсүйер елінің еркесіндей, топ бастар серкесіндей осы бір сом тұлғаны өмірден өтті деуге аузымыз  барар емес. Өйткені Табылдың өзіне ғана тән майда қоңыр үні, назы да, сазы да бөлек мінезді әндері бірдің емес, мыңның, тіпті миллиондар жүрегінің ажырамас бөлігіне айналған еді. Өкінішке қарай, оның батыстың бұйра жалды құмдарындай бірегей бейнесі, өзі айтпақшы, аспанға ғана қол созатын қыр баласына тән  бекзат болмысы - жақсының қадірін көбіне кеш түсінетін аңғал жұрты үшін ендді тек қана арман. Жанары мәңгілікке жұмылған нұрлы дидарын топырақ жасырар-жасырмастан, Табыл әндерін біз қазірдің өзінде қайта-қайта тыңдап, оның сияға емес, жүрегінің қанына малып жазғандай әсер беретін шынайы шығармаларымен жылап көріскен күйдеміз. Мұның себебі - сезімге еліткен бала ғашықтан бастап, туған елін, жерін перзенттік көңілмен риясыз сүйген отаншыл ұланның, сондай-ақ ұлтының бүгініне, болашағына көңілі алаң шексіз патриот пен тарих сабағынан ой түюге талпынған дара тұлғаның да Табылдың өлеңдері мен әндерінен өзін таба алатындығында. Шынымен де, Табыл миллиондардың көкейіндегі ащы шындық пен сан алуан сырды жыр ғып өріп, "Замани зар" төкті, күн астындағы "Күнекей қызға" құмартып, "Биікке ұмсынды, "Мен сені ұнатамын" деп, "Алматыда қалған қызды" аңсады, "Мен қазақпын" деп жаңаша жырлап, "Табылдың әнін" салды, соңдарынан өзінің де ертерек жөнеліп кетерін білгендей, Марат Отарәлиев, Бауыржан Үсенов секілді рухтас достарымен сырласып, түсінде ылғи "Сәйгүлікке" қол созды.Енді бір мезетте "Өмірзая" екендігін сезінді. Сөйтіп,
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем, бір күні оянбай қалам...
Оянбай қалам, Бұл-шындық, ұрыспа, қалқам,
шөлмек - тірліктің белгілі құлай сынары.
Гитарамды алып, елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі..." - 
деп алдыңғы жайтты да дәл болжай білді.
Қалай болғанда да, Табылдың өзі жетпеген жерге сөзі жетті.Сөйтіп, оның Алматыдан шырқалған "Кешіккенің қайткенің", "Астананың аруы", "Қыз махаббаты", "Қара гүл" сияқты әндерін тек Алматының ғана емес, бүкіл Астан мен Қарағанданың, Атырау мен Ақтаудың, қысқасы, күллі Қазақстанның жасиары әуелетіп алып кетті. Бір кездері орыс қауымы В:Высоцкийді, В.Цойды қалай қадір тұтса, Алаш жұрты да Табылын дәл солай аялады. Рас, мүмкін, ресми билік тарапынан лайықты дәрежеде дәріптелмеген шығар, төбеге көтерілер тұста шетқақпай көріп, тала төрге оза алмаған да болар. Бірақ тумысынан қарапайым, даладай дархан мінезді Табыл өр мен төрге, сый-сияпатқа ұмтылған да жоқ. Оның арман еткені басқа биіктік болды. Содан да ол:
Ұнатады шыңда көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.
Толағай боп туылмадық, әттең-ай,
Атырауға әкелер ме ем бәр тауды?!-
деп жырлай тұра, өзінің таудай тұлғалары бар қыр ұлы екендігін жеріне жеткізе айта алды.Алайда
Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар,-
деп өзінің айтқанындай, мәңгілік мекеніне ертерек аттанды.Шындығында, өзі соншалықты мақтан еткен Махамбет көкесі сияқты ол д бір тауға айналды. Табыл әнінің тірілермен бірге жасайтыны ғана - көңілге қуат....
 




Арман СҚАБЫЛҰЛЫ

"ҰЙЫҚТАП КЕТСЕМ, БІР КҮНІ ОЯНБАЙ ҚАЛАМ..."

    Сонау сексен екіде жаңадан оқуға түсіп, Алматының іргесінде алма теріп жүргенде, Табылмен танысып едім.Гитарасын құшақтап, ол ауыл шаруашылығы жұмыстарына кешігіп келді. Табыл келісімен, студенттік орта гүлденіп сала берген. Алматының әдемі кештерінде Табыл салған әндер аспанға әуелеп жататын. Бір қызығы, бәрі де - біз естімеген әуендер. Сөзі де бейтаныс. Курстасымыздың өзі ақын, өзі сазер, өзі әнші екендігін біліп,"Құдай бір адамның бойына осынша дарынды қалайша бере салған" деп таңғалғанымыз да рас. Кеңес Одағының адамдары Высоцкиймен ауыра бастаған кез. Біздің өз Высоцкийіміз болды. Таланты ұқсаса да, тағдырын қайталамаса деп едік....
    Дарынды да, дарынсыз да Алматыда қалып жатқанда, Табыл Атырауына тартты. Өзі қарт әке--шешенің жалғызы еді. Түбі Алматыға қайта ораламын дейтін. Алматысын сағынып, жылына бір келгенде думандатып кететін."Атырауым керемет қой, бірақ маған жанымды түсінетін орта жетіспейді. Алматыға келсем, шабыт бітеді" дейтін. алғашқы ән жинағын "Алматыда қалған қыз" деп атады. бұл да - сағыныш... 
    табылдың әр өлеңінің, әр әнінің тарихын білемін. Көпшілігі студенттік шақта "Татарка" деп аталып кеткен Алматының тапал тамды үйлері бар ауданында бірге тұрған кезде жазылды. Нарынқолға бірге барғанымызда, аспантауларды көріп тамсанғаны бар. "Мынадай жерде туып, ақын болмау мүмкін емес" деп алып, "Біздің жақта тұрып қайтса бір жаздай, талай ақын кетер еді жыр жазбай" дегені де есте.Тауға тамсанса да, Атырауын мақтаныш ететін.
Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен,
Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен.
Осы қырда төбешіктей аналар,
Дүниеге таудай ұлдар әкелген...
    Бірге жүрген дос жайлы өткен шақта сөз айту қандай ауыр. Атыраудан суық хабар жеткенде, Табыл достың тағы бір сөзі ойыма оралды. "Тірлікте мынау, жаным-ай,мәңгілік деме, ұйықтап кетсем, бір күні оянбай қалам..." Қайран дос оянбай қалыпты. Жетімсіреп қалған гитарасына қарап жоқтап жатырмыз бүгін.
    Қош, досым!Қош!..






Серік АБАС-ШАХ

ТАНЫМАЙ КЕТКЕНН ТАБЫЛДЫ, ТАБА АЛМАЙ ҚАЛҒАН ЖОҚПЫЗ БА?

    Табылдыны Табыл деп атайтынбыз. Мінезі нағыз қазақтың мінезі болатын. Өзі өте ашық-жарқын, қолындағы соңғы нанын қасындағы бейтаныспен ойланбай бөлісе салатын адами қасиеті мол әрі сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Біреулер оған таныла алмай жүрген талантты бард деп, екіншілері аз жазса да, талғаммен жазтын нағыз ақын деп анықтама беріп жататын. Бәрі де дұрыс шығар? Мен үшін ол - жай Табыл ғана. Бірақ жай ғана Табылдың бойында қаншама  дарын-қабілет жасырынып жатты десеңізші. Көбі ашылмай кетті Оны өзі ашқысы келмеді ме, жоқ, әлде кез келген "қазақтілді) шығармашылық адамының аяғын шырмаулап байлайтын күнделікті тұрмыстың күйбеңі аштырмады ма, білмеймін...Бұл - бөлек әңгіме.
    Телевизия саласында жүргендіктен, оны Алматы судиясындағы әртүрлі түсірілімдерге жиі шақыратынмын. Алматы мен Атыраудың арасы аз жер емес, көбінесе келе алмай, өкініш білдіріп жататын. Ал Алматыға жолы түсе қалған кезде, міндетті түрде жоспарланған түсірілімге мүмкіндік бермейтін кедергі тауып алушы еді. Кейде сан алуан шаруасын шешумен әуре болып келмесе, кейде қасындағы қаптаған қолпаштаушыларынан шыға алмай немесе түсірілім уақытынан кешігіп қалатын. Қысқаша айтқанда, нағыз қазақ еді. Ойлап қоямын, ол өз болмысындағы нағыз қазақтығы арқылы өз жолына таусылмайтын кедергілер жинап алғаны болмаса, басқа ештеңе ұтқан жоқ па деп? Кешелі бері әртүрлі телеарналардан дамылсыз қоңыраулар түсуде, бәрі Табылдың бейнесін сұрайды. Көп шақырған соң, көп түсірді деп ойлайтын болуы керек.Оның архивтегі көріністері сирек екендігін қалай түсіндірерімді білмеймін...Іздеп жатырмыз."Ұят болмасында" екі-үш рет өнер көрсетіп, әңгімесін айтып кетіп еді. Бір-екі рет "Өлең-сөздің патшасы" жобасына қатысқан-ды. Сол кезде күштеп-қинап болсада, көптеп түсіріп алуымыз керек еді, бірақ бұлай боларын кім білген? Жамбыл телевизиясында жүргенде де ақын досымыз (марқұм) Бауыржан Үсеновтің өлеңдерін оқып тұрған ең соңғы бейнесін өзім түсіріп, өзім жоғалтып алдым. Бәріміз де қазақпыз ғой, көзі кеткен соң ғана іздей бастаймыз.
    Осыдан он шақты жыл бұрын ғой деймін, Табылдың әндері бойынша үлкен концерт ұйымдастыру туралы идея пайда болды. Ол қуанып кетті. Бірақ сол жолы ешқандай сәт түспеді. "Хабардың" өмірі бітпейтін жұмыстарымен мен әуремін, ауылдағы күйбең тірлігінен ол да босаған емес. Кейінірек оның әндері негізінде музыкалық фильм түсіруді жоспарладық. Тағы да үлгермедік. Бірақ, Құдай қаласа, аталмыш тележобаны жүзеге асырамыз ғой деп ойлаймын.Бірақ оны Табылдың аруағын еске алу үшін жасалған жасанды шара емес, Тәкең сияқты ұлы талант иесі жасаған дарынды шығарманың жалғасты бөлігі деп қабылдаған дұрыс.
    Соңғы он жылда оны әуелі Алматыға, сосын Астанаға шақырып жүрдім. Әрине, шақыруын шақырғанмен, оған ұсына қояр пәтерім болған жоқ. Ол сол жағынан ба, басқалай чебептермен бе, үлкен қалаға асыға қоймады. Сүйікті Алматысынан алшақ кеткеннен кейін Табыл да бұрынғыдай бұрқыратып жаза қойған жоқ. Ортаның жоқтығы ма, жоқ, әлде тұрмыстың өмірі таусылмайтын проблемалары басып тастады ма, қайдам, ол тоқтап қалды. Шынын айтсақ, аса пысықтық пен түлкі бұлаң әрекетті қажет ететін мына заманға, ерке мінез сері замандасымыздың ешқандай икемі болған жоқ. Ол айналасына өкпелеп кеткен сияқты. Қоғамға да, ортаға да  - бәрімізге. Ешкімді еркелетпейтін,  еркелікті көтермейтін уақыт қой бұл.
    Табылды таныта алмадық. Тани алмадық. Оны көкке  көтере алмай, шағын ауылдың ауқымында қалдырдық. Бұған ұмтылысы аз болғандықтан (көз тірісінде) , өзі де кінәлі шығар деуші едік. Енді өзіміз кінәлі сияқты сезінеміз. Қарап тұрыңыз,енді Табылды ұмытып кеткендердің бәрі кенеттен "еске түсіргіш" бола қалады. "Естеліктер" көбейеді. "Арнау өлеңдер" пайда болып, "көшенің атын ұсынушылар" да бас көтереді. Қазақпыз ғой. Көпті мойындату үшін тек қана көктен қарап тұру керек. Табыл енді іздегендерге көктен де, жерден табылады.




Бауыржан ОМАРҰЛЫ

                                                ІШЕГІ ҮЗІЛГЕН ГИТАРА
Бұл журфакта бәрі бар еді. Тек бар-ақын жоқ еді. Табыл журфакқа келді де, соның орнын толтырды. Өзі - ақын, өзі - сазгер, өзі - әнші. Оқуға бізден бір жыл кейін түсті. Томпиған қара бала еді. Сөйлегенде кәдімгідей тұтығады. Бір ғажабы, ән айтқанда жаңағы тұтыққаны мүлде білінбейді.Қайта даусы ашылып, қанаттанып кетеді. Сөйтіп жүріп, әскерге кетті.Журфактың сол кездегі тұрақты айтыс ақыны Ерсайын Жапақпен сөз сайыстырған жігіттердің оны:
Сендерді көңілсіздік басып кетті,
Жігері талайлардың жасып кетті.
Баянсыз, бәтуасыз курсыңнан,
Табылдар армияға қашып кетті,-
деп қажайтын кезі - осы тұс. Табыл әскерден келген соң, қайта түледі. Жастардың жанын қозғайтын сыршыл өлеңдер жазып, қалашықтағы қыз-қырқын мен жігіт-желеңнің арасында жүретін нағыз серіге айналды.
Қыпша белің-ай сенің, қыпша белің-ай.
Көжегіне қоянның ұқсап едің, еркем-ай,
Екі тілек бір жерден шықса дедім-ай,-
деп Табылдың қоңыр әуеніне ілескен ҚазМУ қалашығының бүкіл бозбаласы мен бойжеткені қайыңдай тербеліп тұратын.
    Аюдай қорбаңдағанымен, тіршілікке өте епті еді. Алматыға ара-тұра келгенде, сауық-сайран құрмастан  бұрын бірден базарға тартады екен. Келе сала қалтасынан ұзындығы әр түрлі жіптерді бірінен-соң бірін суырып алып жататын көрінеді. Жолдастары: "Бұл не?"-деп сұраса, "Балаларымның бой-сойының өлшемдері ғой",-дейді екен. Табылдың сол елден ала келген жібімен өлшеп, Атырауға әкеткен киімдерін киіп өскен балалары ержетіп, азамат болды.
    Осыдан екі ай бұрын Атырауға жолымыз түскенде, әйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының рухына тағзым ету үшін Индерге барғанбыз. Есік пен төрдей досымыз үнемі жанымызда жүрді.Ауданның мәдениет және тіл бөлімін басқарады. Түн ортасы ауғанға дейін Табылдың шаңырағында қонақта болдық. Үйде бойы көк тіреген Абыл Табылұлы деген көркем жігіт жүрді. Гитараның қоңыр әуені бір сәтке толастаған жоқ. Әсіресе Бауыржан Үсеновтің әндерін ерекше шабытпен шырқап еді. Табылдың саусақтары дамылсыз жорғалаған сол гитараның ішегі аяқ астынан үзіліп кетеді деп кім ойлаған?!
    Өмірден өтерінен бес күн бұрын қоңырау шалды. Жергілікті басшыларға қатты қапалы екен. "Қызметтен кет деп жатыр ғой мыналар",-деп кіжінеді. Жатып кеп жұбаттық. "Әркіммен ұрыссаң да, әкіммен ұрыспасаңшы",-деп ағалық ақылымызды айтқан болық.  "Әжептеуір ақынсың. Едәуір беделің бар ғой, сені қызметтен кетіре қоймас",-дедік. Қызмет түгіл, өмірден кетіп қалатынын қайдан білейік...
    Алпамсадай Табылдың жұмыр саусақтарына шыдас бере алмаған гитараның ішегі бұрын да жиі үзілетін. Бұл жолы қатты үзілді...Біржола үзілді! Қандай өкінішті!  


Шаһидолла АБУҒАЛИЕВ

    ҚОШ, ДЕНДЕРДІҢ ДАРЫНДЫ ҰЛЫ

"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын..." деген, пенденің пешенесіне жазған онсыз да қамшы сабындай қысқа ғұмырды ортасынан үзіп, артында ізі қалар құйрықты жұлдыздай жарқырап тұрып ағып ағып түсіп, бүгінде жер құндағында жатқан, тірісінде қадіріне жетіп ардақтай алмаған арысымыз Табылды Досымов туралы айтпау онымен тірісінде қатар жүріп сыйласқан азамат атымызға сын болар дедім. 
    Мен Табылдымен 1997 жылдың 17 мамырында Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Көпжасар ауылындағы әулетіміздің қара шаңырағында таныстым. Сол күні әкеміз Ишанғалидың 80 жасқа толуын әрі анамыз Айтжанмен отау құрғандарына 50 жыл болған Алтын тойларын тойлаған едік. Сол тойдың тізгінін ұстауға бұрын бір рет жиын басқарғанын көріп, өнері көңілімізден шыққан атыраулық Мақсот Тілегеновке қолқа салдық. Мақсот Малайсары, Қашаған жыраулардың бата жырларын жатқа соғатын, қисынды сөзге ұсталығы мол, ақынжанды азамат еді. Қолқамызды құп алған Мақсот өзімен бірге ауылдас інісі Табылдыны той қонақ ретінде ерте келді. Той тамаша өтті. Асабаның той қонақтарына сөз кезегі  бата жырлармен төкпелеп беруі таңсық та әрі аса тартымды болса, ақын, журналистер Дариға Мұштанова, Закария Сисенғали, Амангелді Шахин, Өмірзақ Ақбасов, Табылды Досымовтар кешті мағыналы сұлу сөз, өрнекті  жырлармен айшықтап, мәнін ашып, сәнін келтірді.
    Осы той үстінде біз Табылдыны ақындық, сазерлік, әншілік қырларынан танытып, қазақ айтатын сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі азамат екенін көріп, тәнті болдық. Ал азаматтығы асқар таудай еді. " Жылқы кісінескенше, адам біліскенші" деген, сол тойдан басталған екеуміздің таныстығымыз сыры бірге достыққа, мұңы бірге ағайындыққа айналып жүре берді.
Пендеміз ғой, біздің де біреуге ұнар, біреуге ұнамас мінез-құлқымыз бар. "Әлсіздің сыбағасына ортақтаспа, өзіңдікін өзгеге жегізбе, тура жүріп, тура сөйле" деген әке тәлімімен өстікк қой. Табылдының мені аға тұтып сыйласуы мен үшін үлкен құрмет еді. 
Сағынғанда аға деп саған келем,
Пенделіктен арылып емделуге,-
деп енді ешкім маған айтпайтыны хақ.
    Табылды мен үшін тау еді.Ауқымы үлкен аудитория, шалқар шабытты ортаның адамы еді. Өзімен үзеңгілес таланттылардың жарқырап жанар, қанағат табар, ләззат алар думанды ортадан жырақ қалуы - өн бойы шабытқа толы жанның қанатын жаюға тарлық етіп, құса қылды ма екен деп те ойлаймын.
    Табылды өзі жырлағандай, төбешіктей анадан таудай болып туылып, заңғарлықты қыран қанатымен өлшеп, биік аспанға қол созып өскен ұл еді.
Толағай боп туылмадым, әттең-ай,
Атырауға әкелер ем бір тауды,-
деп жөргек суы сіңген Атырауына деген адал сезімінен айнымай жүргенде туған топырағының құндағына оранды.
Мәңгі-бақи мекенімді
Табу үшін Дендерден,
Мен де бір күн кетер ме екем
Бақұлдасып сендермен,-
деген сазды әуені құлағымыздан кетпей, жүргенімізге мұң қонақтайды. Қайтерсің, ажалға қиятын ұл ма еді ол?
    Бақилық болардан сегіз күн бұрын телефон шалып:
    -Шәке, саған соғам, қасымда Ерсайын деген жолдасым бар. Қонақ шақырма, өзіміз отырайық,-деді. Келді, қонақ та болды. Біздің үйден шығып Ерсайынның Жаңақазан ауылындағы жездесі Мәліктің үйіне бардық. Жақсы отырыс болды. Табылдының әуезді әнін соңғы рет естуіміз екенін қайдан білейік.   
Тауым қайтып опасы жоқ арманнан,
Мен де бір күн жоғалармын мынау жәлеп жалғаннан,-
деп шырқап еді, Құдай аузына салды ма екен?
Табылдының ақындығына, сазгерлігіне, әншілігіне баға беру - менің пешенеме жазбаған шаруа. Оның кісілігіне, жақсы адамдарды бір-бірімен табыстыруы, тектілігінің көп адамнан жоғары екеніне толық куәмін.
    Қасқа ғұмырдың қадірін түсінбей, бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын пенделер көп қой. Табылды олардың санатынан емес, оларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын.
    Қанша да азаматтығын танытып, досқа достығын, ағайынға туыстығын танытып, кең пейіл, жүрегі жомарт, мәрттігін көрсетіп өтті. Ерте кетті. Бәлкім, басқалар адам ғұмырының келтелігін ұқсын, қадір-қасиетін жоймасын, опа бермес дүние, абырой бермес жалғандықтан аулақ болуды түсінсін деп бақи жаққа асыққан болар.
    Түсінген адамға азамат қайғысы ауыр екен.
мен өлермін,
Қанжығама қайғымды байлап алып...
...Жайық жылар, жабырқап, жайлап ағып...-
деуші еді. Табылдының қазасына Жайығы жылады, қара жер қайғы жамылды, қара қосында қосағы, перзенттері, бұрышта қолынан түспейтін гитарасы жетімсіреді. Көруге де қиын, көнуге де қиын. Көнбей қайда барамыз, Құдайдан күшті емеспіз.
    Қош, қимас дос, өнер саңлағы, Дендердің дара ұлы!

Бижан ҚАЛМАҒАНБЕТОВ
 
                              ҚОШ БОЛ, БАУЫРЫМ!
    Табылды! Осы есім маған соншалықты жақын, соншалықты таныс еді. оның гитарамен шырқаған әндерін, философиялық ой-толғамдарын тыңдай бергің  келеді. Не деген дарын, не деген тереңдік деп ойлайсың! Ол қасындағы серігін ешқандай мезі етпейтін-ді. Бәрі де оның кеуде атты сыр сандығынан асып, төгіліп жатқандай көрінетін. Тіпті бәрімізде пендеміз ғой, жасыратын несі бар, осы Табылдыдай дос тапқаныма қуанып, оны әрдайым рухани жағынан арқа тұтып, мәдени орталарда, зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиындарда айтып та жүретінмін. Сонда кім-кім де, о, тәңір-ай десеңізші, "е, ол жігіт мықты ғой" деп, дұшпандарының өзі еріксіз мойындайтынын байқатып қалатын.
    Өткен жылдың 15 қазанында Атырау Қызылқоға аудандық газетіне осы досым Табылды Досымов жөнінде философия ғылымының  докторы, профессор Алтай Тайжанов ағамыз екеуміз "Жүрегі толған жыр-әлем" атты бір беттік көлемді мақала жариялаған болатынбыз. Міне, содан кейін дәл бір жыл, бір күн дегенде, яғни биылғы жылдың 16 қазанында қазақтың белгілі бард ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардақты досымыз Табылдының кенеттен қайтыс болғандығы жөнінде суық хабар төбемізден жай түсіргендей болды. 
    Қадірлі дос, енді сен туралы өткен шақпен айтудың өзі көңілімізді жабырқатып, әлдебір қимас сезімге бөлеп, еңсемізді езе түседі. Бірақ, амал қанша, сұм ажал сені ортамыздан қылшылдаған 45 жасыңда алып кетті. Ең болмаса, екінің бірі тойлап жатқан 50-ді де саған қатал тағдыр қимаған-ау деген өкініш өзегімізді өртейді.
    Ақын жөнінде нақты көзқарасымызды білдіріп, ел ішіндегі бір ерке ақының аяялап, алақанға сала алмаған кейбір "азаматтардың", "Алтынның қолда барда қадірі жоқ" дегендей, ескі қағидамен әділдік ауылынан алшақтап кеткенін айтпасқа болмайды. Бәріміз де пендеміз ғой, бірақ солар керемет талант иесінен, өз туған жерінің қадір-қасиетін аспандатып, айдай әлемге паш еткен, сөйлесе сөз мәйегін ағызған, бәйгеге салса, талай жобаларға шаң жұттырған саңлағынан кө жазып қалғанын бір сәт те болса еске алар ма екен?! Әй, қайдам?!
    Мен өзіне арнаған жүрекжарды жырымды ыстық ықыласпен ұсына тұрып:
О дүниеде даңғаза дүрмегің де,
Қажет емес жайлы өмір сүргенің де.
Ақын деген жүрегі нәзік халық,
Бағалайық жер басып жүргенінде!-
деп тақпақтай жөнелгенімде, "жетер" дегендей оң қолын көтеріп, "Бәке, осыны түсінетін біреу бар ма екен?"деп басын шайқап, терең күрсініп еді. Сол іс-қимылымен ол біраз жайттарды аңғартқан-ды.
    Қайран дос, екеуміздің ертенгі күнге құрған жоспарларымыз да бар еді. Өткен 2009 жылы мен інім Еркін екеуміз Қытайдың Үрімжі қаласында іссапарда болдық. Елден шеттеу жүрген қандастарымызға сыйлық ретінде сенің әндерің жазылған үш-төрт дискіңді ала барғанбыз. Сондағы "Қазақ қауымдастығы" орталығы төрағасының орынбасары есбол атты азаматақкөңілімен күтіп алып, қонағасы беріп, төріне шақырып сыйлады. Келесі күні Құлжадан, Шәуешектен атақты әншілер, термешілер қатынасқан үлкен концерт ұйымдастырылды. Өз Қазақстанының әр қадамына қуана қол соғып отыратын қандастарымыз, әсіресе орта буын өкілдері, біздер сенің ән жазылған дискіңді таратқанда, о, ғажап, "біз осы табылдының әндерімен өстік қой" деп шеттерінен ақтарылып, ыстық ықыластарын білдіріп жатты.
    Тіпті "сол Табылды Досымов ағамызды алып келіңізші, бетпе-бет жүздесейік, әндерін өз орындауында тыңдап, құлақ құрышымызды қандырайық" деген өтініштерін де жасырмады. Қытайда тұрып жатқан кәсіпкер қандастарымыз ағамыз келсе, барлық жағдайын жасар едік деп уәделерін де беріп қойды.
    Елге оралып, саған осындай жағымды жаңалықты баяндағанымды "міндетті түрде барамыз" деп бір-ақ кесіп едің. Бірақ қатал тағдыр біздің бұл тамаша ойымызды жүзеге асыртпады. Тірі адамның күнделікті күйбеңі беткен бе? Әне-міне деп жүргенде осындай суық хабар санамызды тіліп өтті.
    Аяулы дос, қанша қайғырып, қан жұтқанымызбен, өмір көші алға жылжи береді. Оны бір сәтке де тоқтату мүмкін емес. Сондықтан "орны бар оңалар" дегендей, сүйікті жарың Қарлығашың, ұл-қыздарың ақбаян, Айнамкөз, Абыл, Әйгерім, мына біздер, сенің азды-көпті мұраңды өнерсүйер қауымға таратып, есіміңді ұмытпай келер ұрпақ өкілдеріне эстафета ретінде жеткізетін боламыз. Енді біздің қолымыздан келетіні - осы ғана.
    Жатқан жерің жайлы, жаның жанатта болсын дегіміз келеді. 



Серікқали МҰҚАШЕВ,
журналист

МАХАББАТТЫҢ ЖЫРШЫСЫ ЕДІ...

Қазақтан шыққан тұңғыш өршіл рухты, тарлан талантты бард-ақын, композитор, әнші Табылды Аяшұлы Досымов небәрі 45 жасында фәниден бақиға озды...
    Студент атанып, жүрегіміз тулап, журфактың жатақханасына алғаш рет ат басын тіреген күні-ақ табыл әндерінің тиегі ағытылған. жүрек пернелерін дәл басып, кеудеге нұрлы сезім құятын нәзік тее нақышты әндер кім-кімді де мелітіп әкетер еді. осылайша университет қабырғасындағы бес жылымыз осынау әсем әндермен  тербетіліп өтті. басқаларды қайдам, ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген сол кездегі қайсыбір түлек өзінің студенттік өмірін тек Табылдың әндерімен-ақ өріп бере алатындығына көзім анық жетеді.
Білмеймін,
Білмеймін, жанарыңнан сыр ұқтым ба?
Әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба?..
    Фариза ақынның өлеңіне жазған осы бір "Қыз махаббаты" атты Табылдың алғашқы әні сексен үштің көктемінде туған-ды. Артынша сол ақынның  сөзі дем берген "Мен саған ғашық емес ем" әні дүниеге келді. Осылайша басқа да атақты ақындардың өлеңдеріне жазылған "Ұнатамын мен сені", "Күнекей қыз", "Сәйгүлік", "Елік қыз", "Қара гүл" сияқты аққу-әндер астана аспанына қанат қақты. 
    Таңаларлыы - олар бір отырыста қаншама рет орындалса да ешкімді жалықтырмай қайта зіне баурап ынтық ете беретін. Тіпті "журфактың гимніне" айналан бұл әндер жастар арасында кеңінен тарала бастаан тұста аталмыш факультеттің ұл-қыздары оларды зге ортадан қызанып та қалатынбыз.
    Алты ішекті гитарасын серік еткен Табыл болса бардтық өнерге мықтап ден қойып шабытын шыңдай түсті. Сол уақыттаы талай ғашық жүректер Табылдың әндері арқылы табысып сыр ақтарып Табылдың әнімен сезімдерін жеткізіп жататын.
    Ол кезде Табылды Досымов Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика  факультетінің студенті еді.
    Cол бір бал дәурен жылдар оның "Астананың аруы", "Кешіккенің қайткенің?", "Өкпелемеші" сияқты албырт сезім мен мөлдір махаббатқа толы талай нәзік ырғақты лирикасын өмірге әкелді.
Табиғат беріп қойған күз хабарын,
Мен сені күзден дағы қызғанамын.
Әйтсе де сезбейсің-ау өзіңді ойлап,
Бұлқынып жүрегімнің сыздағанын...
    Бұл - Табылдың сексен бесінші жылы әскер қатарында жүріп жазған "Солдат сағынышы" әні. "Осы әнімді де басқалары сияқты өзім орындап жүретінмін. Бірде досым Баукең Үсенов марқұм өзіндік өр де ерке мінезіне салып: "Бұл әнді шығарғаныңмен, орындай алмайсың. Әдемі әнді бұзбай маған бер, өзім айтып жүрейін" демесі бар ма?! Содан, соңғы жылдарда оны Баукең орындап жүрді. қазір Бауыржан жоқ, енді өлең өзімдікі болса да, біртүрлі, жетімсіреп қалғандай болады да тұрады" дегені бар бірде Табылдың.
    Ұлтымыздың санасын дүр сілкіп өткен Желтоқсан оқиғасы Табыл шығармашылығына да түбегейлі бетбұрыс әкеліп еді. Ұлт намысын қайрақша жанитын, ащы шындық сарынындағы дүниелер легі келді. Қасқайып тұрып "Желтоқсандағы жырын" айтатын:
Мен қазақпын, басқа жанмын деп айтуға жоқ дәрмен.
Мен қазақпын, азапты да, ғажапты да көп көрген.
Мен қазақпын, жүрегімде шырылдаған шындықты
Жасқамаңдар, жасқамаңдар шоқпармен!..
    Осы ретте жазылған "Қазақ едім дегенше...", "Биіктік", "Әулет диалогі", "Тұңғыш балықшылар Гурьевтердің әкесі -Гурий Назарьев ақсақалдың рухына ашық хат" сияқты бірқатар туындылары тыңдаушының өзегін отша қарып өтер еді.
Оқуды бітіргесін, Табыл елге оралды. Мамандығы журналист болса да, өнерді мұрат тұтты. Шығармашылығы да шарықтай түсті . Бірнеше ән, өлең жинақтары жарық көрді.
    Бірақ соңғы уақытта жазылған әндерінен әлдебір мұң сезілетін бе еді...Өмірден жастай кеткен атыраулық ақын Марат Отарәлиевке арналған элегиясынды:
Сезіндім, аға, уақытты сылдыр бұлақтай,
Безіндім, аға, тірліктен сусыр сынаптай.
Көз ілгім,аға, келеді кейде сен құсап,
Сезімнің жара тұстары жанды шыдатпай,-
деп қапаланса, "Жалғыздық" атты өлеңінде:
Жалықтым.Жабықтым.Жаңа ұқтым.
Еңсемді езеді тамұқ-түн.
Сығалап қарадым мен оған,
Терезесінен табыттың,-деп күрсінеді.
  Бірде Табылдан "Әндеріңді нотаға түсіресің бе?"-деп сұрағанымда, ол : "Жақсы ән-жұқпалы ауру сияқты емес пе?! Мықты әнге тоқтау сала алмайсың, ол нотасыз-ақ таралып кете барады. Ал нота дегенге тіпті қарсымын. Ол деген - талантты, үлбіреп тұрған өнерді безбендеу деген сөз ғой. Ән деген  - жүрек лүпілі, ал жүрек лүпілін сол қалпында таблицаға түсіру мүмкін бе екен?" - деген еді.
    Әттең-ай, дейсің. Тұлғасы толағайдай ірі болса да, жаны сәбидей нәзік еді Табылдың. Мінезі өр еді, бірақ өктемдігі болмайтын, еркін де ерке еді, есерлігі болмайтын. Сылқым да сері еді, сәнқойлығы болмайтын, биязы-бекзат еді, босаңдығы болмайтын.
    Жанымызды жайдары шуаққа бөлейтін табылдың әні қапылыста үзілді. Төтелетіп жеткен ажалға амал бар ма? Бергенінен берері көп еді ғой... Көмейіңе еріксіз өксік пен өкініш тығылады. енді Табыл әнінің жалғасуы - алдағы уақыттың еншісі. Бардтық дәстүрді әспеттеп өткен Табылды Досымовтың атымен осы өнердің тұрақты додасын ұйымдастырып, дарабоз талантымыздың атын асқақтата алсақ - дәтке қуат болып, өшкеніміз жанғандай болар ма еді.


Сәуле БОРАШЕВА

ЕСТЕН КЕТПЕС АСЫЛ ДОС 
Қазақтың біртуар перзенті, абзал дос, ардақты азамат марқұм Табылды Досымов жайында дос-жараны ертерек естелік жазады деген ой ешкімнің қаперіне кірмеген де болар. Алайда алла тағаланың жазуы сол шығар, ендігі жерде тек "курстасымыздың жаны жанатта болғай" деп рухына бағыштап дұға оқып, бас қосқанда еске түсіруден өзге ешқандай шарамыз жоқ екені әмсеге белгілі.
    Біз Табылмен бірге оқыдық. Жастықтың жалынды күндері талантты досымыздың әуелеген әнімен әспеттеліп, жадымызда мәңгіге жатталып қалғандай әсер қалдырады. Табылдың тіпті Алатаудың баурайындағы әсем қалашықтың №5 жатақханасының балконында отырып "Қайда сол КазГУ городок, Алматы қайда, ел қайда?" деп шырқайтын әні біздің курстастардың ғана емес, бізден кейін оқыған барша ҚазМУ жастарының ұранына айналып, бүгінде сол бір шұғылалы сәттерінің қимас жәдігеріндей сақталып қалғанына күмәнім жоқ.
    Мінеки, униветситет бітіргенімізге де 20 жылдан астам уақыт өтті. Әрқайсымыз сан тараптан ырысымызды теріп, біріміз қызметтің қызығын қуып, енді біріміз отбасы, ошақ қасының тыныштығын күзетіп, қал-қадерімізше тіршілік кешудеміз. Бәріміз есейдік. Өмір болған соң бұрын етене араласып жүргендерімен бас изеп амадасудан арыға бармайқалатын сәттер де байқалатыны шындық.Айтайын дегенім, осыдан екі жыл бұрын отағасымыз Қойшекең (Қойшыбай Есентаев) "Астана ға Атыраудан ат арытып Табыл курстасың келіпті, қазаныңа етіңді сала бер" деді.  Кешкісін Қойшекең екеуі дабырласып үйге кіріп келе жатты. Табыл үйге кірген бойда қуанышын жасыра алмай, мені көтеріп алып, дөңгелете айналдыра жөнелді. Бұл көрініске бойжетіп қалған қыздарым ауыздарын ашып, таңғалысып тұр. Қарап отырсам, арада 18 жыл өтіп, бәріміз қырықтың жуан ортасына келген естияр жасқа келсек те, Табылдың сол баяғы балаң мінезі, достыққа деген кіршіксіз сезімі мүлдем өзгермеген екен.
    Сол күні дастарқан басында біразға дейін әңгіме айтылып, ән шырқалды. Қойшекең жұмыс бабымен Атырауға бір барғанында жергілікті әкімқараларға айтып жүріп, Табылдың жер телімін алуына септігін тигізгені бар екен . Әңгіме арасында Табыл досымыздың: "Қойшеке, Құдай қалап, аман болсам, әлгі учаскемді сатып сүліктей қара машина аламын, оның ішіне сүліктей қара гитарамды саламын. Сөйтіп, қара тұлпарыма қамшы салып, Астана қайдасың деп араға ай салмай жиі келіп тұратын боламын" деп қалжыңдағаны бар еді.
    Табыл ертеңінде Қойщекеңе алтын сататын дүкенге апаршы деді. "Жарыңды өте жақсы көреді екенсің" деген қағытпама, "жоқ, Сәуке, менің алтындай екі қызым бар. алтындарым алтын тағып жүрсінші деп, екеуіне бірдей сырға сатып алсам деп едім" деді.
    Жұртшылық дарынды тұлға өмірден өткеннен кейін ғана оның қадірін біліп, қасиетін бағамдайтыны - ащы шындық. Біз де Табылдай талантты досымыздан айырылып қалғанымызға өкініш білдіре отырып, оның артында ізін жалғастырар ұрпағының, өшпес ән-жырларының қалғанын көңілімізге медеу етеміз!


Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

АУЫЛДА ЖАТЫП-АҚ АППАҚ АРМАНДАРҒА ҚОЛ СОЗЫП ЕДІ....

Белгілі бард әнші, ақын-журналист Табылды Досымовтың Алла аузына сөз салды ма, әйтеуір өз жырында айтқандай, ұйықтап кетіп оянбай қалды. Тайқы маңдайлы тағдыр алты ішекті гитараны жанына серік етіп, өзгеше өрнек салған өнер иесіне "прокатқа" 45 жыл ғана ғұмыр беріпті. 14 шілдеде виртуалды әлемі арқылы "Ертең,, Алла қосса, туған күнім. 45-ке толамын" деп бір белеске көтерілгенін қуана жеткізген еді. Алайда бұл "Ұнатамын мен сені", "Сәйгүлік", "Жалғыздық", "Биіктік", "Замани зар", "Өмірзая", "Мен қазақпын", "Әулет", ,Мен саған ғашық емес ем","Қыз махаббаты", "Күнекей қыз", "Арал қыз" сияқты әндердің авторы, өзіндік орындаушылық мектеп қалыптастырған Табылды Досымовтың соңғы туған күні екен.
    Өкініштісі - Алматыда концерті болатын күнге жете алмай кетті. Ауылда жатып-ақ аппақ армандарға қол созып жүрген еді...Өткен жылы өмірден озған анасының жылын беріп, жақында ұзатқан үлкен қызының құдаларын шақырмақ болып жүргенде, былтырдан бері жабысқан дерт ақыры алып тынды. Ақын жүрек кенеттен соғуын тоқтатты. Келте ғұмырында "Табылдың әнін" салып кеткен сегіз қырлы, бір сырлы, сарабдал саңлақтың қазасы қалың адайына ғана емес, исі қазаққа оңай тиген жоқ. Ендігі жерде көңілге демеу боларлығы, "Менің қаным тебіренсе, тентек Каспий секілді" деп жалғасатын, мәңгілік өлмейтұғын әні бар.
    Артында үш қызы мен өзіне ұқсатып қойған Абыл атты ұлы, жан жары, сексеннен асқан қарт әкесі және бұрышта елеусіз гитарасы қалды. Балаларының үлкені он тоғызда, кішісі он екіде.
        "Тас түскен жеріне ауыр". Бәрінен де өзі алақанына салып, алып қорғанындай болып өткен отбасы үшін орны толмайтын өкініш.Маңдайына басқан арыстай ұлының артында 85 жастағы қарт әкесі белі бүгіліп, бүк түсіп қалды. Сүйіп қосылған қосағы жесір, көзінің қарашығындай құлындары жетім атанды. Әке ошағының отын ендігі жерде сөндірмейтін - өндірдей ұлы мен өрімдей қыздары. Тау тұлғалы Табылынан айырылып, төрт баланың тілеуін тілеп отырған аяулы жары. Қайғыны бөліссең - азаяды. Біз қара жамылып отырған шаңырақтың қайғысына ортақтасқан едік. 

Абыл ТАБЫЛҰЛЫ

ӨМІРІНДЕ БІР РЕТ МЕНІ "БАЛАМ" ДЕМЕЙ КЕТТІ

-Ақжүрек, аңғал, ақын әкемнің жұмсақтығымен қатар, қаттылығы да бар-тын. Бетімізбен жібермей, тәрбиемізге қатты көңіл бөлді.Үш қыздың ортасында өскен жалғызымын. Қыздарынан мені жоғары қоятын. Сөйте тұра, өмірінде бір рет мені "балам" демей кетті. "Сен шалдың баласысың. Менің "братишкамсың", мені "братан" деп айта бер" деп күлетін. Қонаққа барған жерімізде "інім" деп таныстыратын. Кей кісілер "сенің туған інің бар ма?" деп таңғалатын. Кенже қызы болған соң, Әйгерімді "менің қызым" деп қатты еркелетті. Соңғы екі-үш жылда мені жанынан тастамай, ертіп жүретін. Жыл сайын Атырау мен Оралдың арасындағы әр ауылдан дәм татып қайтатынбыз. Жолдастары шақыратын. Кейде соңы кездесуге ұласып кететін."Келсейші, Жайықтың бойын көріп қайтайық" деп кей достарын өзі іздейтін.Қайтыс болардан үш-төрт күн бұрын Алматыдан суретші Ерсайын Жапақ келіп кеткен. Папам Махамбеттің басына алып барып, екеуі тәу етіп қайтты. Оның алдында Өтежан Нұрғалиев ат басын бұрған. "Махамбет" қорының директоры болғандықтан, батыр туралы, Индердің тарихы туралы көп сұрайтынмын. Кейде таңғы үш-төртке дейін әңгіме құратынбыз. Екеуміз үйде отырып, талай бірге өлеңдер, музыка жаздық. Өнер  жолына баулыды. Электронды күйсандық, домбыра, гитарада ойнауды үйретті. Әрдайым "Бұл - қазақтың мұрасы, атаңнан қалған аспап - осы" деп ең бірінші домбыраны қолыма алғызатын. Мен ести қоймаған әндерін сұрасам, айтып беретін.Ескі дүниелерді көп жинады. Дін жайлы түсіндіретін."Түрлі ағымға ілесіп кетпеңдер. Жүректерің таза болса, Аллаға сол жол бастап барады" дейтін. Ұзақ жылдан бері алғашқы концертін армандап, сахнаның безендіруіне дейін өз қолымен сызып, "Қыр баласы қол созады аспанға" деп дайындап жазып қойған. Келетін қонақтарына дейін белгілі еді.
    Қайтыс болған күні "ұйықтап жатыр ғой" деп қаннен-қаперсіз сабақққа кеткенмін. Үйдегілер шақыртып алды. Әдетте, үйге кісі келгенде папам сабақтан сұрап алатын. Қонақ келгелі жатқан шығар дегенмін...
    Көп өлең айтпасам да, екі күннің сбірінде гитарасын қолыма ұстап тұрамын. Бөлмеме қойып қойдым. Бұрышта елеусіз қалған жоқ....


Қ.ТӨЛЕУІШЕВ,
Батыс Қазақстан облыстық 
қазақ драма театрының директоры

ІНІНІ ЖОҚТАУ

    Табылдыны мен сонау тоқсаныншы жылдары Маңғыстауда кездестірдім. Ол кезде мен сондағы мәдениет саласында қызметте едім. Табыл анда-санда, мерекелердің кезінде Маңғыстауға ақын достары Светқалиға, Мэлске келетін. Несін жасырайын, алқам-салқамдау, еркіндеу жүретін. алғашында ішімнен тіксініп, оның арагідік көрініп қалатын оғаш қылықтары мен одыраңдау жүріс-тұрысын онша жаратпай қалғаным да рас.
    Кейін арада 10-15 жыл өткенде қызметім оралға ауысып, Табылды да мен сияқты мәдениет жұмысының қамытын мойнына мықтап іліп, мойтап болған шағында екеуміз бір-бірімізге мұңымызды шағып, бір "бусанып" отырған кезде осы алғашқы әсерімді оған айттым. Ол әдетінше жымиып:"Ой, аға! Маңғыстау ғой, мені, сөйтіп, еркелететін", - деуші еді.
    Осы күні ойлап отырсам, жаңа оқу бітіріп келіп, алақанына салып аялаған алматыдан кейін бір күнде Индердің белгісіз бір бозбаласы болып шыға келген, жанына дәрмен қылатын тұшымды жұмысы да жоқ, 20-25-тегі таудай Табылдының қауызына сыймай жүрген бұла шағы екен ғой бұл.
    Несін айтасыз, Табылдыны жоғалтып алғаннан кейін шулаудай-ақ шуладық. Өкіндік. Опындық! Әттең, оны баяғыда-ақ Алматыға...әттең, оны ...Атырауға...Оралға...
    ...Оның Оралға да келгісі келіп еді.
    Бір Табылдыға бір орын да табылар еді...Бірақ ден қойып, бел шешіп ешкім кіріспеді бұл іске.
    Бұрын Табылдының жалғыз жанашыры өзім деп ойлаушы едім.
    Қазір санамалап отырсам, Табылдыны танымайтын адам жоқ екен. Оның қазасына бүкіл ел күңіреніп кетті.
Қазақ едім дегенше, бөлтірік ем десеңші.
Талай дарын дүниеге келтіріп ем десеңші.
Мың жылда бір туатын Мұқағали секілді
Алыбымды "абайсыз" өлтіріп ем десеңші.
Қазақ едім дегенше...
    Иә, біз сондаймыз. Сондай ұлтпыз. Тірісінде танымаған талантты өлген соң жоқтау, ол - біздің тағдыр маңдайымызға жазған қасиетіміз. Мүмкін, Табылды осы бір қарғыс атқыр қасиетімізді қайталап қақсау үшін де сол Индерден ұзамаған шығар?!
    Байқайсыз ба, Табылдымен бірге біз бір қайталанбас талантты емес, Табылдымен  бірге адам сенбес аңғалдықты, шынайы адалдықты, сүттей аппақ сәби сезімді жерлеген екенбіз ғой.
    Табылдылармен қоштасқаннан кейін жан сарайың қаңырап, бір түрлі қуыс кеуде болып қалатының да содан болар.
    Бірақ қанша опынсақ та, Табылды болуды бізге жазбаған. Мына сұм өмірдің қалауына салсақ, Табылды болудың қажеті де жоқ сияқты.
Осы кезге дейін Табылдының Орал мен Атыраудың орта жолындағы Индерден шиырлап шыға алмай қалғаны да осыдан шығар.
    Бірақ Табылдыларсыз мына дүние жидіп, жиіркенішті болып кетер еді. Оның артында қалған әндері мен жырлары, бірқалыпты қоңыр дауысы, "Ей,бауырлар! Жәндік болып жорғаламаңдар! Адам болып тік жүріңдер! Бәлен жыл бықсығанша, бір сәтте лаулап, жанып кетіңдер" деп тұрған жоқ па?!
    Атырау мен Орал - ежелден қоңсы жатқан ел. Оның үстіне соңғы төрт-бес жылдан бері екі елдің арасын айнадай асфальт жол жалғап жатыр. Индер 500 шақырымдық күре жолдың қақ ортасында қалады. Ұзын жолдың бойында қанша ел бар. Бірақ әдетте, Индердің тұсынан өткенде "Бұнда Табылды бар" деуші едім. 
    Енді Табылды жоқ. Индер де Табылдысы жоқ ауылдың бірі болды енді...


Алмат ИСӘДІЛ
 
ҚАРА ГИТАРА АСЫНҒАН ҚЫРДЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ

    Бүгін қазақтықтың тұңғыш бард әншісі, талантты ақын, композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Табылды Досымов тірі болса, 46 жасқа келер еді. Мұқағалидың жасындай ғана ғұмыр кешкен арда туған айрықша дарын иесінің жан-жүрегін жарып шыққан шымыр да шыншыл шығармалары бүгінде әр қазақтың көке"інде сайрап тұр
    Өзіне-өзі сыймай кеткен ақын өзін түсініп, қабылдайтын ортаны армандады. Бірақ талайлы тағдыр Табылды тасада қалдырды. Ол ұлтымызға тән көне жыраулық дәстүрді жаңаша жаңғыртқан қазақтың тұңғыш бард ақыны еді. Сонымен қатар ол талантты әнші, шебер орындаушы еді. Десек те, оның әндері шартарапқа таралып, шырқалып жатты. Алайда қара гитара асынған қырдың қара баласының арманы тым биікте еді. Бұған қоса, ол көп өнерпаздарға жасалынып жатқан сый-құрмет пен марапаттарды да көрмеді. Әйтсе де ел білетін Табыл пендеуи дүниелерден биік тұрды. Мінезі де Махамбет бабасындай өршіл еді. Шығармашылық қуаты мол бола тұра, ол аз жазды, аз жазса да, саз жазды.
    Оның туындыларына үлкен сахналар мен эфирлерден иорын берілмесе де, тамаша әндері мен өлеңдері ауыздан-ауызға тарап, ел жүрегінен орын таба білді. Қаламдас достарының айтуынша, ол қашанда әділетсіздік пен сатқындыққа жаны қас болып жүретін ақиқатшыл жан еді. Біреуге жалпаңдап, қолында билігі барларды жағалаудан бойын аулақ ұстайтын.Кейде баладай аңғал болса, кейде данадай кесек-кесек ойлар айтатын. Ол өмір бойы Алматыны аңсап өтті.
    Алыстағы қараша ауылдың күйбең тіршілігі оны үлкен ағыстардан бөліп әкетті. Дей тұрғанмен де, Табылдың талантын танып, оған көзі тірісінде де қолдау көрсеткен ер-азаматтар да кездесті. Солардың бірі қазақ руханиятының үлкен жанашыры, қайраткер азамат Иманғали Тасмағамбетов болды. Ол ақынның тұрмыстық жай-күйіне де болысып, өзі туған аудандығы мәдениет саласының тізгінін де ұстатты. Табылдың үнемі жанынан тастамайтын қара гитарасын да Имекең шетелден  арнайы  тапсырыспен алдыртып беріп еді. Шығармашылық белесінің алғашқы кезеңі оны "Махамбет жыршысы" ретінде танытса, есейгендегі екінші кезеңіндегі  ол елдің сөзін сөйлеп, шындықты шырылдап айтуға талпынды. Бертіндегі шығармаларының саяси-әлеуметтік  астары мол болды. Жас кезіндегі ән-өлеңдері лирикаға негізделгенімен, өсе келе оның шығармасы халықтың мұң-мұқтажымен астасып, азаматтық бағытта өрбіді.Шығармаларының өзегінде ащы шындық пен замани зар жатты. Онысы кейбіреулерге ұнай да  қоймады. "Жазмыштан озмыш жоқ" демекші, ендігі біздің парызымыз - осы бір аяулы азаматтардың қалған мұрасын жинақтап, кейінгі ұрпаққа аман-есен жеткізу. Бұл ретте, біраз шаруалар қолға алынып та жатыр. Алайда ақиқатқа шөлдеген ақынның жүрегі қанша аласұрғанымен, айналасына сыймай кетті. Ауылда  туып, туған жерінде елеусіз ғұмыр кешті....
    Талантты дер шағында бағалай алмайтынымыз өтірік емес. Күні кеше атын естісек те, затына үңіле қоймап едік, Табылдай талантты да кеш бағалап жатырмыз. Бір өкініштісі, біз Табылмен енді табысып жатқандаймыз. Қазақ жастарының көбі оның бардтық әндерінің сырына жаңа-жаңа үңіле бастағандай. Қайталанбас дарынның ерекше қасиет-қырлары әләзір құпиясын аша қоймас. Ақынның шындығы шығармасында болса керек.
    Біз Табылдың қаламдас достарына хабарласып, аз-кем естелік-толғаныстарын жазып алған едік. 



Есенбай ҚҰЛИЕВ

БАҒАСЫН АЛМАҒАН БАРД

    Табыл - қазақтың ән жазирасында ерекше құбылыс блып келіп, сол жұмбағы шешілмеген күйі өмірден тым ерте кетіп қалды. ол өз биігінде ерте көтеріліп, ғұмырының  соңына дейін сол биіктен ерте көтеріліп, ғұмырының соңына дейін сол биіктіктен төмендеген жоқ. Қарапайым жұртшылық оның шығармасымен жақсы таныс болғанымен, тірі кезінде ол шынайы бағасын ала алмады. Өнер  ортасынан жырақтау жүрсе де, оның бір жақсы қасиеті - ел ішінде елеусіз жүрген жас дарындарға үнемі қолдау жасап, соларды жарыққа шығарып, халыққа таныту жағына аса мән беретін. Тағы бір қасиеті - елдің әр түкпірінде жатқан талантты ағаларын өзі іздеп барып сәлем беріп, дәмдес-тұздас, сырлас болып қайтып жүретін. Бірде Жазушылар одағындағы ақын ағамыз Ғалым Жайлыбайға жолығып, атақты бард әнші Қорабай ағамызға барып қайтайық деп қолқа салыпты. барған күннен бастап әңгіме-дүкен құрып, ән айтып, біраз шер тарқатысады. Ғалекеңнің айтысына қарағанда, қайтар күн таянғанда түннің бір уағында Табыл ұйықтап жатқан жерінде жоқ болып шығады. Сөйтсе, ол өз бөлмесінде ұйықтап жатқан Қорабай ағамыздың қасына отырып алып, бетіне үңіліп, ойлана қарап отыр екен. мұнысы несі екен десе, Табыл:"Ұзақ жылдардан бері ағамызбен бір дидарласайын деп жүр едім, соның сәті енді түскеніне разы болып отырмын. Ертең ауылыма кетемін ой. Енді  қашан көрісеміз, бір Құдай біледі",- депті. Міне, осындай да жұмбақ мінездері бар еді. Оның қазасы көптің қабырғасын қайыстырып кеткені анық. Әйтсе де артынан сыршыл да мұңды, отты да уытты өлең-жырларын қалдырып кеткен ақынын халқы ешқашан есінен шығармайды.


Бижан ҚАЛМАҒАНБЕТОВ 

ӨР ТҰЛҒАЛЫ ЕР ЕДІ...

Алдаспандай жарқ етіп көрінген бард ақын Табыл Досымов соңынан аз да болса мазмұны терең, шынайы шығармаларын халқына аманаттап кетті. Өр тұлғалы ерінен айырылған елі оны әрдайым сағынышпен еске алмақ. Біз қанша айтып, жазғанымызбен, оның бойындағы таланттың сан қырлы жұмбағын шеше алмаспыз. Ең бастысы, оның артынан ұрпағы, іздейтін елі қалды. Әттең, Табылды сынды тарландарымыз өмірден лайықты сый-құрмет көрмей-ақ кетті. "Тірі адам тіршілігін жасайды" ғой.Табылды білетін ел-жұрты мен достары және оның өнерін жоғары бағалайтын ел ағалары мен атымтай жомарттар қолдау көрсетіп, ақын жерленген жерде мазар тұрғызуда. Алда әлі де болса Табылдың ән жинақтары мен жыр кітаптары жарық көрмек. Табылдың әндерін тыңдап, өлеңдерін оқып отырсаңыз - көп сұрақтарға жауап тауып алуға болады. Қасында  жүргенде адам адамның қадірін біле бермейді екен. Не де болса Табылдың бергенінен берері, айтқанынан айтары көп еді. Оның арманы өз ішінде кеткен сияқты. Құдай қаласа, халықтың ішінен Табылдың ізін басқан талай таланттар өсіп шығатынына кәміл сенемін.


Әбубәкір СМАЙЫЛОВ 

ТАҒДЫРЫ ТУҒАН АУЫЛЫНА БАЙЛАНҒАН

Мен - бір үйдің кенжесі, ал Табыл бір үйдің жалғыз баласы болды. Қазақтың талантты ақыны Жарасқан Әбдірашевтың екеумізге деген ықыласы ерекше болатын. Біз жас күнімізде Алматыда бірге жүргенімізбен, кейін Табылдың туған топырағына қайта оралуына тура келді. Қара шаңыраққа қарайлап, ата-анасына болысып, ел ішінде өмір сүрді. Жақсы әндерімен өз тыңдармандарының жүрегін баурап алған Табылдың есімі Алматыдан бірден жарқ етіп, қалың елдің ортасына тарап кетті. Бірақ оны тағдыр ауылымен біте қайнастырып, өз ортасынан бөлектетіп жіберді. Табылға ешқандай атақ-мансаптың да керегі жоқ еді. Оның алаң көңілі ылғи да Алматы жаққа алып ұшып тұрды. Кезінде Иманғали Тасмағанбетов Атырауда әкім болып тұрғанда оған көп қолдау жасағаны белгілі. Білуімізше, Имекең Табылдың пәтер сатып алуына біраз қаржы-қаражат бергізген. Содан ол Алматыға көшіп келмек болады. Бірақ тағдыр оны қайтадан туған ауылына алып келеді. Өзгеше әнші, ақындардай ол үлкен сахналарда кештері мен концерттерін өткізе алмады. Оны қарапайым халық білгенімен, ресми тұрғыдан тиісті бағанасын алмады. Енді Табылдың екінші ғұмыры басталды. Ол армандаған дүниелер енді жүзеге асатын болмақ. Бұл тарапқа біздер, қаламдас достары, белгілі бір жағдайда өзімізді кінәлі сезінеміз. Қаншалықты өкінішті болса да, ендігі парызымыз - Табылдының мұрасын келешекке жеткізу.


Болатбек ҚОЖАНОВ

АМАНАТШЫЛ АЗАМАТ

Мен Табылмен сонау абитуриент кезінен жақсы таныс болдым. Сол кездегі Алматыда бірге жүріп , қатар оқыдық, бірге пәтер жалдап та тұрдық. Табылдай талантпен табыстырған сол жылдарды бүгінде өзегім өртене сағынышпен еске аламын. Ол әр кез қатарластарынан ерекшеленіп тұратын. Әдетте, өнер адамдарына тән бір ортақ мінездер болады. Бірақ Табыл мүлде бөлек жаратылыс иесі еді.
    Ол нағыз шығармашылық адамы болса да, қолынан көп іс келетін. Әсіресе шаруаға икемді болды. Бірде жалдап тұрған шағын үйіміздің пеші істен шығып, дұрыс тартпайтын болып қалды. Біз "енді қайттік" деп абдырап тұрғанда Табыл сол ескі пешті бұзып, қайта салып берген еді. Бұған қоса, басқа да бір дүние бүлінсе, оны өз қолымен жөндеп, сынықты бүтіндеп жүретін.Өзі бір аманатшыл азамат болатын. Өзгелерден алған қарыздары мен басқа да дүниелерін қойын дәптеріне түртіп алып жүретін. Реті келгенде сол қарыздарын қайтарып отыратын. Серілік пен серуенге бейім болғанымен, мұсылманшылыққа келгенде өте тиянақты еді. Ерте есейген жігіт болғандықтан ба, өмірден көріп-білгені, санасына түйгені мол еді. Табыл өзінің ең танымал әндерін, негізінен, студент шақтарында-ақ шығарып, шырқап жүрді. Біз де оның талай әндерінің алғашқы тыңдаушыларының бірі болып едік. Өмірге кезекті бір әнін алып келерде ол күні-түні ішінен белгісіз бір әуендерді ыңылдап, мазасыз күй кешетін. кеш жатса да, бәрімізден бұрын таң бозынан ұйқысынан оянып алып, әлгі бірер күн бұрын ыңылдап жүрген әнін гитараға салып, дауыстап айтып отыратын. Өзі көбіне басына баяғының батырлары мен серілеріндей орамал байлап алатын . Еркін жүріп, еркін тұрғанды ұнататын. оның әндері сол кездегі жастардың арасына тез тарап кететін.
    Ол өзі туған өлкенің әрбір адыры мен қырын бес саусағындай  жақсы біліп қана қоймай, кіндік кескен жұртын шексіз сүйе білді. Ел мен жер тарихын зерттеп, зерделеп, ел ішінен шыққанн ақындар мен батырлар жайында тың деректер жинап жүретін. Ауылына барған құрдастары мен жақын адамдарына қалжыңдап, "Мына адырды саған сыйладым. Енді оны сенің атыңмен атайтын боламыз",-дейтін риясыз жымиып.

Болатбек ҚОЖАНОВ

АМАНАТШЫЛ АЗАМАТ

Мен Табылмен сонау абитуриент кезінен жақсы таныс болдым. Сол кездегі Алматыда бірге жүріп, қатар оқыдық, бірге пәтер жалдап та тұрдық. Табылдай талантпен табыстырған сол жылдарды бүгінде өзегім өртене сағынышпен еске аламын.Ол әр кез қатарластарынан ерекшеленіп тұратын. Әдетте, өнер адамдарына тән бір ортақ мінездер болады. Бірақ Табыл мүлде бөлек жаратылыс иесі еді. 
    Ол нағыз шығармашылық адамы болса да, қолынан көп іс келетін. Әсіресе шаруаға икемді  болды. Бірде жалдап тұрған шағын үйіміздің пеші істен шығып , дұрыс тартпайтын болып қалды. Біз "енді қайттік" деп абдырап тұрғанда Табыл сол ескі пешті бұзып, қайта салып берген еді.

Комментариев нет:

Отправить комментарий